RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Khabar

«Атам сияқты сынық салғым келді»: Серік Ақшолақов бала арманы туралы сыр шертті

08.07.2026, 15:16 34

Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі нейрохирург Серік Ақшолақов «Хабар» арнасының YouTube желісіндегі «Azamat LIVE» подкастында бала күнгі арманы, мамандық таңдауы және дәрігерлік туралы көзқарасымен бөлісті, деп хабарлайды «24KZ».

Нейрохирургтің айтуынша, ол алғашында ортопед-травматолог болып, нағашы атасы сияқты сынық салуды армандаған.

Нейрохирург болмасам, сынықшы болар едім. Мектепте оқып жүргенде ортопед-травматолог болып, атам сияқты сынық салсам деп армандадым, – деді Серік Ақшолақов.

Оның айтуынша, бұл арманның қалыптасуына  нағашы атасының ықпалы зор болған. Ақшолақов бала күнінде  атасының халық емшілігімен айналысып, тамыр ұстап, адамдарға көмектескеніне талай мәрте куә болғанын айтты.

Нағашы атамның тамыр ұстайтын адам болғаны маған қатты әсер етті. Оның адамдарға көмектескенін өз көзіммен көріп өстім. Қазақ халқында ежелден келе жатқан халық медицинасы бар. Нағашы атамның ем-домын, адамдарға жасаған жақсылығын көріп өстім, – деді профессор.

Серік Ақшолақовтың сөзінше, мектеп қабырғасында жүргенде көпшілік оның атасына тартып, сынықшы болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда өмір жолы оны мүлде басқа бағытқа алып келді.

Ол медицина институтына түскен кезде нейрохирургия мамандығы туралы мүлде білмегенін де жасырмады.

Институтқа түскенде нейрохирургия деген саланың бар екенін де білмедік. Ол кезде қазіргідей ақпарат көп болған жоқ. Біз үшін ең басты арман – дәрігер болу еді, – деп еске алды ол.

Подкаст барысында академик дәрігер болу туа біткен ерекше қасиеттен емес, үздіксіз еңбек пен ізденістен қалыптасатынын айтты.

Бұл – кәсіп. Әркім өз кәсібін дұрыс меңгерсе, үлкен жетістікке жете алады. Ол үшін өзгеше болып туу міндет емес. Бұл – еңбекпен, оқумен, талпыныспен, кәсіби қасиетіңмен және адамгершілігіңмен келетін дүние, – деді Серік Ақшолақов.

Белгілі нейрохирург бүгінгі медицинадағы технологиялық жетістіктердің жас дәрігерлерге тың мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

Жаңа технологиялардың, диагностиканың дамуына байланысты болашақ жастарымыз бізден де жоғары деңгейге жетеді деп сенемін, – деді ол.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz