RU
Толық нұсқаға өту

Жазғы демалыстың құны қанша?

08.07.2026, 21:30 33

Жазғы демалыс маусымы қыза түсті. Туристер өзен-көлдердің жағалауындағы қонақ үйлерді, кемпингтер мен демалыс пансионаттарын жиі таңдайды.

Өңірлерде табиғат аясындағы демалыстың тәуліктік құны 10 мыңнан 100 мың теңгеге дейін өзгереді. Биылғы жазда қазақстандықтар үшін қай аймақта демалған тиімді? 

Курорттар мен демалыс орындары туристерге толып жатыр. Ranking сараптамалық порталының мәліметінше, елде екі адамға арналған жазғы демалыстың орташа құны тәулігіне 20 мың теңгеге жуықтайды. Ал бір апталық демалыс құны орта есеппен 140 мың теңге болады. Бұл сомаға тамақтану мен ойын-сауық қызметтері кірмейді. Ең қолжетімді демалыс Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Қостанай және Қарағанды облыстарында ұсынылып отыр. Бұл өңірлерде екі адамға арналған тәуліктік баға 50 мың теңгеден аспайды. Ал ең қымбат өңір – Ақмола облысы.

Бурабайдағы екі орындық люкс нөмірдің құны күніне 100 мың теңгеден асады. Мұнда бір апталық демалысқа кететін шығын 700 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін.

Қазақстан бойынша орташа баға – тәулігіне екі адамға ₸20 мың

Бір апталық тұру құны – екі адамға ₸140 мың

Ең үнемді демалыс нұсқалары – тәулігіне ₸10 мың шамасында

(көптеген жағажай өңірлері, оның ішінде ШҚО және Маңғыстау облысы)

Қолжетімді нұсқалар – тәулігіне ₸50 мыңға дейін

(Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Қостанай, Қарағанды облыстары)

Люкс санатындағы нөмір – тәулігіне ₸108 мың

(Ақмола облысы)

Мунирам Ахметова, «Қазақстан туризм индустриясы» өзін-өзі реттейтін ұйымының төрағасы:

- Өкінішке қарай елдегі кейбір туристік бағыттардың шетелдік демалыс орындарынан қымбат екені рас. Дегенмен мұнда тарихи әрі табиғи ерекшеліктерді ескеру қажет. Мысалы, Бурабайға бару үшін жол шығыны мен логистика құны қосылады. Соның әсерінен баға өседі. Сонымен қатар туристік маусым өте қысқа болғандықтан, демалыс орындарының иелері мүмкіндігінше қызмет көрсетіп, демалушылардың барлық сұранысын қанағаттандыруға тырысады. Сондықтан баға да жоғарылайды. Бірақ бұл барлық туристік бағыттарға тән жағдай емес.

Сарапшы Алакөл жағалауындағы демалыс орындарының бағасына талдау жүргізді. Оның мәліметінше, маусым айында тәуліктік орташа құн 8 мыңнан 13 мың теңгеге дейін болған. Бұл бағаға жатын-орын, күніне үш мезгіл тамақтану және барлық қажетті жағдайлар кіреді. Қала сыртындағы демалыс бағасына қатысты пікірін "Туристік Қамқор" қорының төрағасы Инна Рэй де білдірді. Оның айтуынша, бағаның өзгеруіне ең алдымен көрсетілетін қызмет сапасы әсер етеді.

Инна Рэй, «Туристік қамқор» қорының төрағасы:

- Бізге Қазақстанда демалу тым қымбат сияқты көрінеді. Алайда кейде шетелде бұдан да көп қаражат жұмсаймыз. Шетелдегі демалыс әрдайым арзан бола бермейді. Бірақ ол жақта біз ақшаны тек қонақүйдің орналасқан жері, бөлме немесе тамақ үшін ғана емес, ең алдымен сапалы сервис үшін төлейтінімізді жақсы түсінеміз. Ал өз елімізде қызмет көрсетушілердің дөрекілігіне немесе жайсыз қарым-қатынасына тап болған кезде, демалыс құны негізсіз қымбат деген пікір қалыптасады.

Туризм және спорт министрлігінде курорттар мен демалыс орындарындағы бағаны мемлекет реттемейтінін түсіндірді. Қызмет құнын кәсіпкерлер өздері белгілейді.

Жайнагүл Қаппасова, ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:

- Министрлік кәсіпкерлер белгілейтін баға саясатына араласа алмайды және қызмет құнын реттемейді. Баға бәсекелестікке, нарықтағы жағдайға және сұранысқа байланысты қалыптасады. Сонымен қатар Қазақстанның климаттық ерекшеліктері де әсер етеді. Кейбір өңірлерде жазғы туристік маусым небәрі екі айға созылса, енді бірінде үш айға дейін жалғасады. Сондықтан кәсіпкерлер салған инвестициясын қайтарып, бизнесін дамыту қажеттілігін ескере келе қызмет бағасын белгілейді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен туристік маусымда мейрамханасы бар қонақүйлер шамамен 250 млрд теңге табыс тапқан. Ал мейрамханасы жоқ қонақүйлердің кірісі 50 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар демалыс үйлері мен коттедждерді жалға беруден түскен табыс та артқан. Жалпы, елде туристер саны 10 млн асты. Оның шамамен 8 млны – қазақстандықтар. Ең танымал туристік бағыттар қатарында Алматының тау кластері, Щучинск курорттық аймағы және Маңғыстау өңірі бар.

Мейрамханасы бар қонақүйлер – ₸248,1 млрд

Қонақүйлер – ₸54,6 млрд

Демалыс үйлері мен коттедждерді жалға беру – ₸25,6 млрд

10,1 млн турист

оның ішінде

7,8 млн – қазақстандықтар

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Элвира Лекерова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz