Қазақстан да алдын ала қамданып, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалына жол бермеу үшін шекарада бақылауды күшейтті.
Шетелден келетін көліктер елге тәулігіне бір рет қана кіріп-шыға алады. Мұны Энергетика министрлігі мәлімдеді. Ал мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсету көлемі қалыптан тыс артқан жанармай құю стансалары мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына талдау жүргізіп жатыр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Елден мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаушылар көбейіп кетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері дәл осындай 600-ге жуық дерек тіркеліп, тосқауыл қойылды. «Пысықайлар» 40 мың литрден астам жанармайды жасырын алып өтпек болған.
Цитата: ҚР Ішкі істер министрлігі
- Жанар-жағармайды заңсыз әкету фактілері жиі тіркелетін шекара маңындағы аймақтарда патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істейді. Көлемі ұлғайтылған жанармай бактарымен жабдықталған көлік құралдарының басым бөлігі Жамбыл облысында тіркелген. Қордай ауданында конструкциясы өз бетінше өзгертілген автобус анықталды. Тексеру барысында әрқайсысының сыйымдылығы 600 литр болатын жасырын қосымша бактар табылды.
Жанармай нарығы қатаң бақылана бастады. Қызмет көрсету көлемі қалыптан тыс артқан 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының жұмысына мемлекеттік кірістер органдары талдау жүргізіп жатыр. Ал шекарашылар елге шетелдік көліктерді тәулігіне бір реттен артық кіргізбейді. Энергетика министрлігі тиісті ережені бекітті.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Энергетика министрлігі өз тарапынан мүдделі мемлекеттік органдармен қоса, мемлекетке тәулігіне бір реттен артық кіруге, шығуға рұқсат бермейтін ережені қабылдадық. Яғни жүк көліктер болсын, жеңіл көліктер болсын, тәулігіне бір реттен аса біздің мемлекетке кіріп, кері шыға алмайды. Бұл шаралар жанармай құю стансаларындағы балансты сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.
Ал бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің мәліметіне сүйенсек, мұнай жеткізушілердің, жанармай және автогаз құю стансаларының баға саясатына мониторинг күшейтілді. Өйткені тұтынушы көбейген сайын баға да шарықтап кетуі мүмкін. Сонымен қатар Қырғызстан біздің елден жанармай алғысы келеді. Бауырлас мемлекеттен ресми сұраныс түскен.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Қырғызстан тарапынан бізге ресми сұраныс келді. Біз оны қазір қарастырып жатырмыз, бірақ бүкіл шешім біздің ұлттық мүдделерімізді ескере отырып қабылданатын болады. Қандай да бір сұраулар қазір жанармай бағасының кенеттен тыс өсуіне жол бермейді. Оны сізге ресми түрде айтқым келеді. Сол себепті Қырғызстан тарапынан келген сұранысты жақын арада қарастырып, жан-жақты жауап беретін боламыз.
Отандық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Вице-министрдің айтуынша, ішкі нарықта жанармай тапшылығы туындамайды.
Авторы: Еркебұлан Смадияров
Тегтер #жанармай #нарық #бақылау #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz