Синоптиктердің болжамынша, шілдеде Шымкентте сынап бағанасы 46 градусқа дейін көтеріледі.
Ыстыққа байланысты зообақ жануарларына жеміс балмұздақтары беріліп, қоршау ішіне су бүрку жүйесі орнатылды. Ал жедел жәрдем қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Аптап ыстықа байланысты зообақ жануарларының күтіміне өзгеріс енгізілді. Аң-құстың мәзіріне жеміс балмұздақтары мен қауын-қарбыз қосылды. Мұнымен қоса, бассейндердің суы жиі жаңартылып, арнайы су бүрку жүйесі іске қосылды. Ал аптапқа төзбейтін тау жыртқыштары үшін қоршау ішіне салқындатқыш орнатылды.
Нұржан Көпжасаров, қалалық хайуанаттар бағының биологы:
- Жануарлардың осындай аптап ыстық күндерде қатты қиналмауына барынша жағдай жасауға тырысамыз. Күздің ортасына дейін жалғасады шомылдыру процесі. Міндетті түрде бассейндердің сулары алмасады. Бізде кіші көл бар зоосаябақ маңында. Көктем мен күз күндері айына бір рет ауыстыратын болсақ, жаз уақытында айына 2-3 рет ауыстыруға тырысамыз.
Ал сая іздеген тұрғындар өзен-көл мен субұрқақтарды жағалап, салқындап жүр. Әсіресе бұлақ көзінен бастау алатын Қошқар ата өзенінде адам көп. Айтуларынша, шілденің шіліңгір ыстығында бұл маңдағы жұрттың ағыны кешке дейін толастамайды.
Халида Сауытова, қала тұрғын:
- Бүгін екінші рет келіп отырмын. Өте жақсы. Тамаша. Серігіп қалдым. Суы да таза, пайдалы. Жазда салқындау үшін келіп тұруға болады екен. Енді жиі келіп тұрамыз.
Ауа температурасының көтерілуінен жедел жәрдемге жүгінушілер де көбейді. Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстыққа егде адамдар, созылмалы сырқаты барлар мен жасөспірім балалар өте сезімтал келеді. Осындай күндері олардың денсаулығы сыр беріп, мазасы жиі қашады.
Арман Бақтыбаев, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім басшысы:
- Күн астында жүргеннен күйіктер болады. Балаларда дене қызуы жоғарылауына болады. Қазіргі мынау көкөністер пісуіне байланысты іш өту, құсу жағдайлары болады. Тәулігіне бізде қазір орташа есеппен 2300-2350 шақыртуға дейін болып жатыр.
Қазгидромет болжамынша, бұл аптада сынап бағанасы 42 градусқа дейін көтеріледі. Ал айдың соңғы онкүндігінде тіпті 46 градусқа дейін жетуі мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарға күн астында ұзақ жүрмеуді, бас киім киіп, суды жиі ішуге кеңес береді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Оңтүстік #ыстық #хайуанаттар бағы #ауа райыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz