Елде де сәби дүниеге келгеннен бастап үш жасқа дейінгі дамуын кешенді сүйемелдеуге арналған «Алғашқы 1001 күн» жобасы іске қосылды.
Бағдарлама шеңберінде патронаж қызметі жетілдіріліп, скринингтік тексерулердің ауқымы кеңейеді. Бұл балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсетуге бағытталған кешенді жұмыс.
Алғашқы 1001 күн бала денсаулығы мен дамуы үшін маңызды кезең. Себебі осы уақыт аралығында оның физикалық және психикалық дамуы қарқынды жүреді. Мамандардың айтуынша, ауытқу белгілері неғұрлым ерте анықталса, түзету жұмыстарының нәтижесі де соғұрлым тиімді болады. Бүгінде даму және ерте араласу орталығына жүгінетіндер қатары артқан.
Гүлжанат Абдиянова, қала тұрғыны:
- Қызым үш жаста. Логопедке келіп жүргенімізге 1 жылдай болды. Қазір 3 курс ем алып жатырмыз. Ем көмектесіп жатыр, тіліміз шықты. Енді әріптерді қойып жатырмыз. Алғаш келгенімізде өте жаман сөйледі. Нақты дыбыстары, сөздері естілмеді.
Елде былтырдан бері алғашқы медициналық көмек ұйымдарының базасында 386-дан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды. Мұнда балалардың дамуындағы ерекшеліктер ерте анықталып, қажетті көмек көрсетіледі. Бүлдіршіндермен педиатр, логопед, психолог, реабилитолог сынды мамандардан құралған мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді.
Мөлдір Жандарбек, Даму және ерте араласу орталығының педиатр-супервизор дәрігері:
- Бұрын балаларды педиатрға әкелгеннен кейін педиатр даму бұзылыстарын анықтаған кезде психиатрға жіберетін. Психиатрияда 4 жастан бастап қабылдайды. Балалар оған дейін қайда баратындарын білмей қалып қоятын. Қазір біз балалардың дамуына ерте араласамыз. Соған қарай ерте даму процестері анықталады.
Бір ғана орталықтың өзінде бүгінге дейін 6 мыңнан астам сәби диагностикадан өткен. Күніне 25-30 бала келеді. Мамандар олардың даму ерекшеліктерін бағалап, қажет болған жағдайда кешенді бақылауға алады. Көбіне ата-аналар баланың тілі шықпай, зейінінің тұрақсыздығы сынды шағымдармен жүгінеді.
Мереке Кенжедаулет Даму және ерте араласу орталығының педиатр дәрігері:
- Алғашқы 1001 күн жобасы жүктілік кезеңінен басталады. Жүктілік кезеңінен бастап анаға оқыту жүргізіледі. Тек медициналық емес, әлеуметтік қызметкерлер, оқытулар, үйретулер. Бала туғаннан бастап қалай күтім жасау керек. 6 айға дейін баланы қоректендірудің маңызын түсіндіргіміз келеді. Күнтізбе бойынша вакциналар қалай, қай уақытта жүргізіледі. Содан бастап үйретіледі.
Бұл - ресурстық орталық. Мұнда ата-аналарға баланың ас мәзірін 6 айдан бастап қалай толықтыру керектігі үйретіледі. Мамандар осы жерде өздері әзірлеп көрсетіп, тағамның құрамы, мөлшері мен беру тәртібін түсіндіреді. Сонымен қатар баланың жасына сай тамақтануы жөнінде кеңес береді.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында неонаталдық скринингтен 68 мыңға жуық сәби өтті. Диагностика барысында 21 нәрестеден туа біткен және тұқым қуалайтын аурулар анықталды. 90 баланың есту қабілеті төмендеген. 9 мыңнан астам бүлдіршінде психофизикалық даму бұзылыстары тіркелді.
2026 ж. І тоқсаны:
67 990 сәби неонаталдық скринингтен өтті
Фенилкетонурия - 11 нәресте
Туа біткен гипотиреоз - 10 нәресте
Есту қабілетінің төмендеуі - 90 бала
І-ІІ дәреже- 68
ІІІ-IV дәреже - 22
Психофизикалық даму бұзылыстары - 9 298 бала
Мөлдір Жандарбек, Даму және ерте араласу орталығының педиатр-супервизор дәрігері:
- Орталықтар ашылғалы бері 72 мыңнан астам балада кешенді даму бағалауы жүргізілді. Соның нәтижесінде балалардың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтау көрсеткіші 21,5 пайызға артты. Бұл балаларға медициналық, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Ал ерте басталған көмек оңалтудың тиімділігін арттырып, баланың әрі қарайғы дамуына оң әсер етеді.
Бұдан бөлек, былтыр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының балалардың дамуын мониторингілеу нұсқаулығы енгізілді. Бұл құрал даму кідірісінің қауіптерін клиникалық белгілері пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде елде 3 жасқа толмаған балалардың саны 1,6 млн. Өкінішке қарай 70 мыңнан астам бүлдіршіннің дамуында кідіріс байқалып, тұрақты бақылауға алынды.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мейрам Жүнісов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #алғашқы 1001 күн #ана мен балаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz