RU
Толық нұсқаға өту

Оралда жаңа көпірдің құрылысы басталды

10.07.2026, 13:10 48

Оралда Шаған өзені арқылы жаңа автомобиль көпірі салынады. Енді Ақжайық, Деркөл шағын аудандары мен Зашаған кентінің тұрғындары қала орталығына төте жолмен қатынап, күнделікті көлік кептелісінен құтылады.

35 миллиард теңгеге бағаланған нысанның құрылысы үш жылдың ішінде аяқталады.

Ақжайық шағын ауданын қаланың орталығына, яғни Әлия Молдағұлова  көшесіне тіке жалғайтын көпірдің ұзындығы жолымен қоса алғанда 3,9 шақырым болмақ. Ал қазір тұрғындар сол жерге жету үшін Зашаған кенті арқылы 12 шақырым немесе Деркөл шағын ауданы арқылы 14 шақырым жол жүруге мәжбүр. Сонымен қатар  көпір салынса тұрғындар күнделікті кептелістен де құтылатын болады.

Шаған өзенінің оң жағалауында көпір діңгектері қағылатын орын әзірленіп, жолдың табаны тартыла бастады. Құрылысқа қажетті материалдар тасымалданып жатыр. Барлық ізденіс-жобалау-келісу жұмыстары, қажетті материалдар мен жабдықтарды таңдау мен табу, құрылысты салу мердігердің мойнына жүктеледі.

Артур Яцык, учаске бастығы:

- Әзірлік жүріп жатыр. Жол түсетін жердегі топырақтың беткі құнарлы қабатын қырып жатырмыз. Жобалау жұмыстары 15 тамызда бітеді. Содан кейін қарашаға дейін мемлекеттік сараптамаға кіреміз. Көпірдің өзі металл құрастырмасынан болады, тіректері монолит бетоннан құйылады. Ұзындығы 220 метр болады.

Ал өзеннің сол жағалауындағы көпір жолында ескі гараждар мен бірнеше бизнес нысан орналасқан. Ол жерлер мемлекет мұқтажы үшін қайтарылады.

Денис Смирнов, Гараж кооперативінің төрағасы:

- Құжат бойынша мұнда 700 гараж орналасқан. Соның 500-інің нақты иесі бар. Осы жерде көпірге эстакада салынады, 125 гараж сүріледі деп бізге келіп айтып кетті. Гараж қожайындарының жартысы келісті. Келіспейтіндері де бар. Себебі олардың ескі-құсқы зат сақтайтын басқа орны жоқ. Сондай-ақ көбінің қолында мемлекеттік акт жоқ. Әкімдік соның бәрін заңдастыруға көмектесеміз деді.

Шағын өзені арқылы көпір салып, Ақжайық шағын ауданын қала орталығымен тіке байланыстыру жайы алғаш рет 2019 жылы көтерілген. Бірақ қоғамдық тыңдауда жоба қолдау таппады. Одан бері өзеннің арғы бетіндегі тұрғындар саны өсіп, көпірге қажеттілік артты. Құрылыс құны да көтерілген. Мысалы, 7 жыл бұрынғы жобада көпірді 12 млрд-қа салу көзделсе, қазіргі жобаның құны одан 3 есе артық.

Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:

- Ол кездегі жоба мен қазіргі жобаның ара қайшылығы едәуір көп. Қазіргі жобаның өзінде төрт жолақ бар. Одан бөлек, қазіргі жобаның өзінде көпірден бөлек төрт шақырым қосатын жолдары бар. Яғни одан бөлек қазіргі жасалған жолдардың геодезиясы жасалғанда өткен су басу қаупі бар аймақтардың барлығы 2024 жылғы тасқынмен ескерілді. Сондықтан өзіндік бүгінгі бағасы, шекті бағасы 35 миллиардты құрайды. Әрине, жоба толықтай шыққаннан кейін нақты бағасын білетін боламыз.

Жоба бойынша құрылыс үш жылдың ішінде аяқталуы тиіс. Бірақ қала басшылығы мердігерлерге 28 ай аралығында салу туралы талап қойған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz