Ақтөбе облысының Байғанин ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Өткен түні қатты дауыл тұрып, үш адам зардап шекті. Қарауылкелді ауылында бірнеше ғимарат қирады. Қазір арнайы комиссия табиғи апат салдарынан болған шығын көлемін есептеп жатыр.
Облыс аумағында ауа-райы жайсыз болатынын синоптиктер бірнеше күн бұрын ескерткен еді. Алайда дәл мұндай алапат дауыл тұрып, баспаналарды жайпап тастарын тұрғындар күтпеген. Байғанин ауданынының орталығы Қарауылкелді ауылының халқы кешелі бері табиғи апаттан ес жия алмай отыр.
Дәметкен Әуешова, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:
- Бір кезде төбеден тарс-тұрс еткен қатты дыбыс шықты. Содан бір бұрышқа тығылып, Аллаға сыйындым. Сол арада жаңбыр жауып, үйдің іші түгел опыр-топыр болды. Барлық тұрмыстық техника істен шықты, кейбірі жарқылдап жанып кетті. Төбем де құлады. Қазір осындай жағдайда тұрмын, енді не істерімді білмеймін.
Жойқын дауыл байланыс мұнарасын да құлатты. Жарты ғасыр бұрын орнатылған 47 метрлік темір бағана жанындағы дүкеннің үстіне түскен.
Қайрат Аманшев, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Ақтөбе облысының ТЖД күштері мен құралдары, жедел құтқару жасағының құтқарушылары және кинологиялық тобы дереу жетті. Авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу барысында алты адам, оның ішінде үш бала құтқарылып, қауіпсіз жерге шығарылып, медициналық көмек көрсету бригадаларына тапсырылды.
Табиғи апаттан зардап шеккен 35 жастағы жүкті келіншек санитарлық авиация көмегімен Ақтөбеге жеткізді. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер жағдайы тұрақты дейді.
Айбек Көпенов, Байғанин ауданының әкімі:
- Аудан көлемінде бірқатар ғимараттар зардап шекті. Оның ішінде әкімшілік ғимараттар, бизнес субъектілері және де жеке тұрғын үйлер бар. Осыған байланысты аудандық төтенше жағдайлар жедел штабы құрылып, жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылып зардап шеккен үйлер мен кәсіпкерлердің шығынын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қатты дауыл мен нөсер салдарынан электр және байланыс желілері үзілген еді. Қазір табиғи апат болған аумақта жарық пен ұялы байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #төтенше жағдай #Ақтөбе облысы #дауыл #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz