RU
Толық нұсқаға өту

Кибер алаяқтар 29,6 млрд теңге шығын келтірді

10.07.2026, 20:01 45

Кибер алаяқтар қазақстандықтарға 29 млрд 6 млн теңге шығын келтірді.

Биылғы жарты жылда осынша сома ақпараттық технологиялар мен интернет желісін пайдалану арқылы қолды болды. Фишинг, дипфейк құрығына ілігу фактілері тыйылмай тұр. Жыл басынан бері 10 мың 800 қылмыс тіркелді. Құзырлы органдардың арқасында 4,8 млрд теңге қайтарылып, алаяқтарға аудармақ болған 2,6 млрд теңгені бұғаттады. 

Зардап шегуші:

- TikTok-тан жарнама шықты. Кейін олар менен: «Кредитіңіз бар ма?» деп сұрады. Мен «Бар» дедім. Олар: «Кредитіңізді жабуға көмектесеміз. Ол үшін Dilda Holding деген платформаға кіріңіз», – деді. Содан 50 мың теңге салуымды айтты. «Биржада мұнай мен алтын саудаланып жатыр. Соған инвестиция салсаңыз, аптасына 5-10-20 пайыз табыс түсіп тұрады», – деп сендірді. Кейін: «Егер тағы ақша салмасаңыз, 602 долларды ала алмайсыз. Ақшаңызды көбейтейік», – деді. Сөйтіп, ақырында 5 млн теңге шығынға батып отырмын. Өзім де қалай болғанын түсінбей қалдым. Енді ертең, 13-інен бастап несиемді төлеуім керек.

Бұл жәбірленуші – елордалық зейнеткер. Наурыз айында әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, бүгін басы дауға қалып отыр. Банк алдындағы берешегі 5 млн-нан асады. Әңгімесінен байқағанымыздай, құқық қорғаушыларға кеш арызданған. Себебі алаяқтардың уәдеде тұрмайтыны айтпаса да айдан анық еді.

Нұржан Байходжаев, Алматы ауданы полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы:
-
Аталған азамат бізге 6 шілде күні келіп, жазбаша арыз түсірді. Қазіргі таңда оның арызы бойынша ең алдымен байланысқа шыққан абоненттік нөмірлер тексеріліп жатыр. Сондай-ақ қаражат аударылған банктік шоттар да тексеріліп жатыр. Тергеу барысында ақшаның әрі қарай қайда аударылғаны толық анықталатын болады. Бұл – бір адамның ғана әрекеті емес. Қылмысқа Қазақстан азаматтары да қатысқан. Олар өздерінің банктік шоттарын алаяқтарға сатып, дроппер ретінде пайдалануға берген.

Жәбірленушінің дер кезінде банк бөліміне және құқық қорғау органдарына хабарлауы шешуші әрекет саналады. Себебі кибер алаяқтар көздеген ақшаның одан әрі аударымын бұғаттауға үміт бар. Дереу дабыл қақпаған соң миллиардтар шетел асып отыр. Полицейлер алдауға тап болған азаматтардың кеш хабарласатынын қателік санайды. Тіпті бірнеше айдан соң арызданатындар бар көрінеді.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
- Жарты жылдан кейін, бір жыл өтіп кеткенде хабарласады. Жасалған уақыты, күні солардың барлығын ескеріп отыру керек. Жалған қоңыраулардың 160 млн-ға жуығы бұғатталды. Азаматтаға келтірілген шығынның 4,8 млрд ақша қайтарылды. Одан бөлек 2,6 млрд антифрод жүйесі арқылы жәбірленушілердің шотындағы ақшалар өз уақытысында бұғататталды. Оның барлығы
– бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесі.

Статистика жыл басынан бері интернет алаяқтық 6,9% азайғанын көрсетіп отыр. Тіркелген қылмыстардың 35%-ы ашылған. 837 адам жазаға тартылды. Дегенмен «бөрі жоқ деме – бөрік астында». Үлкенге де, жастарға да цифрлық әлемдегі қырағылық маңызды.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
-
Алаяқтар құқық қорғау органдарының немесе банк өкілдерінің атынан азаматтарға қоңырау шалып, олардың сеніміне кіріп, ақшаларын иемденуге тырысады. Соңғы уақытта интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі – дипфейк технологиясын пайдалану. Олар жасанды интеллект арқылы адамның дауысы мен бейнесін өзгертіп, азаматтардың сеніміне кіріп, алдап соғады.

Қоғам дамуына байланысты түрленіп, жаңа сипатта көрініс тауып жатқан алаяқтық тыйылмай тұр. Жыл басынан бері қазақстандықтар 30 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырады. Тіпті зейнеткерлердің азды-көпті жинағанын фишинг, дипфейк арқылы жымқыру жайттары күн сайын тіркелуде. Құқық қорғаушылар азаматтарды қырағылыққа шақырып, профилактика шараларына күш салып жатыр.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Асхат Қарағойшиев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz