Оңтүстік Кореяда географиялық карталарды жаңарту жылдамдығы екі есе артты.
Сеул бұған Байқоңырдан бастау алған өз жерсеріктерін жасау бағдарламасы арқасында қол жеткізді. Осы жоба негізінде Корея бірнеше ай бұрын Жерді қашықтан бақылайтын екінші ғарыш аппаратын ұшырды. Енді өз тәжірибесін қазақстандық әріптестерімен бөлісуге дайын.
Осыдан бес жыл бұрын Байқоңырдан Оңтүстік кореяның тұңғыш жерді қашықтан бақылайтын жерсерігі бар «Союз-2.1» зымыран-тасығышы ұшырылғаннан кейін бұл мемлекет картографияда «цифрлық егемендікке» ие болды.
Өйткені бұл ғарыш аппаратын жергілікті ғалымдар жасап шығарды. Биыл мамыр айында екінші жерсерігі ұшырылды. Енді олар бұрынғы 4-5 күннің орнына әрбір 2-3 күн сайын бір нүктенің үстінен ұшып өтеді. Бұл мемлекеттік карталарды жаңарту кезеңін 10 айдан 5 айға дейін қысқартып, табиғи апатты дереу анықтап, әрекет етуге мүмкіндік береді. Оңтүстік Корея мамандары енді өз тәжірибесін қазақстандық әріптестерімен бөлісіп жатыр.
Пак Су Ён - Ұлттық Жер мониторингі орталығының аға ғылыми қызметкері:
- Оңтүстік Корея мен Қазақстан Еуразиялық кеңістіктік деректер бойынша консультативтік кеңестің құрамына кіреді. Жыл сайын кеңістіктік деректер технологиялары саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Қазір Картографиялық зерттеулер бөлімінде БҰҰ бағдарламасы аясында Латын Америкасы елдерінің мамандары жыл сайын Кореяда апталық тағылымдамадан өтеді. Қазақстанмен де осындай бағдарламаны жүзеге асыруға дайынбыз.
Аталған ғарыш аппараты Корей түбегін Жерден шамамен 500 шақырым биіктіктен бақылап, нысанның көлемді цифрлық үлгісін жасауға мүмкіндік береді. Онда орнатылған камералар екі метрге дейінгі түрлі-түсті суреттерді түсіріп, көлік нөмірін көре алады. Жерсеріктік мониторинг орталығы жасанды интеллект арқылы суреттерді ұлғайтып, белгілі аумақтағы өзгерісті анықтау үшін әртүрлі уақытта алынған деректерді автоматты түрде салыстырады.
Ан Джон Тэ, Корея Республикасы Ұлттық Жер мониторингі орталығының директоры:
- Біз жерсерік арқылы Корей түбегін суретке түсіріп талдаумен айналысамыз. Алайда тиісті сұрау жолданса өзге елдердің аумағын да суретке түсіруге әзірміз. Мысалы, өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін ұйым Қазақстанға барып осындай өтініш білдірсе қажетті материалдарды ұсынып көмектесе аламыз.
Жерді қашықтан бақылайтын кореялық жерсеріктердің миссиясы 4 жылға есептелген. Алайда 2021 жылдың наурызында ұшырылған бірінші аппаратты жанармай қорының арқасында бұдан да көп уақыт пайдаланып келеді. Енді 4-5 жылдан кейін тағы екі жерсерігін ұшыру жоспарланып отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Оңтүстік Корея #Сеул #тәжірибеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz