Ақмола облысының курорттық аймақтарында демалушылардың күрт артуына байланысты туристік полиция қызметкерлерінің жұмысы қыза түсті.
Тәртіп сақшылары Зеренді және Бурабай аудандарында саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, шетелдік қонақтармен тығыз жұмыс істейді.
Бұл Бурабайдағы қазіргі көрініс. Демалып жүрген адам көп. Курорттық аймаққа тек Қазақстаннан емес, алыс-жақын шетелден де туристер көптеп келеді. Бір айдың өзінде мұнда 200 мыңнан астам адам демалады. Ал олардың қауіпсіздігіне арнайы құрылған туристік полиция жауапты.
Бурабайда туристерге жол нұсқайтын осындай бес маман бар. Бәрі арнайы іріктеуден өткен. Бірнеше тіл біледі. Күнделікті адам көп жүретін жерлерді осылай аралап, қажет болған жағдайда демалушыларға ақпарат береді.
Нұрбек Мұхтаев, Бурабай аудандық ПБ Патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары:
- Біздің көмегімізге күніне шамамен 100-ге жуық адам жүгінеді. Дені - шетелдік туристер. Олар Бурабайды жақсы білмеген соң, бағыт-бағдар сұрайды. Мамандарымыз бірнеше тілді еркін меңгерген. Сондықтан туристермен сөйлесу қиындық тудырмайды. Кейбір кездері кішкентай балалар жоғалып жатады. Ол кезде де жедел әрекет етіп, көмектесеміз.
Туристік полиция туристерді жазалап, тәртіпке салу үшін емес, оларға жол көрсетіп, қылмыстың алдын алу үшін жасақталған. Жыл басынан бері мамандар мың жарымға жуық демалушыға түрлі бағытта көмек көрсеткен.
Ержан Қошқарбаев, ПД Басқарма бастығы:
- Көбінесе біздің мамандар туристерге жан-жақты кеңес беріп, көмектеседі. Сонымен қатар демалушылар жеке заттарын жоғалтып алғанда оны табуға жәрдемдеседі. Жақында шетелдік туристер тау басына шығып, түсе алмай қалған кезде қызметкерлеріміз көмек қолын созды. Жалпы жыл басынан бері туристерге қатысты бірде-бір қылмыстық іс тіркелген жоқ.
Жалпы былтыр өңірге 1 миллион 800 мың турист келсе, биыл бұл көрсеткіш екі миллионға дейін ұлғаяды, дейді мамандар. Сондықтан туристік полицияға жүктелген міндет көбеймесе, азаяр емес.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #туристер #полиция #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz