Елде кадрға сұраныс өсті. Биылғы 5 айда жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасында 495 мың 700 бос жұмыс орнын ұсынды.
Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,3%-ға артық. Әсіресе ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс салаларында еңбек ресурсына сұраныс жоғары. Ал білім беру бағытында 120 мыңнан аса вакансия жарияланды.
Қаңтар-мамыр айларында еңбек нарығында оң үрдіс тұрақты сақталды. Қызмет көрсету саласындағы бос жұмыс орындарының саны 36%-ға артты. Өндіріс және агроөнеркәсіп секторында кадрға сұраныс басым. Атап айтқанда, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 37 жарым мың бос жұмыс орны ұсынылды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 61,8%-ға көп. Тау-кен өнеркәсібінде 8400, өңдеу өнеркәсібінде 38 мыңға жуық, құрылыста 32 мыңнан аса жаңа жұмыс орны жарияланды.
Бос жұмыс орындары
2026 ж. қаңтар-мамыр
Ауыл, орман және балық шаруашылығы - 37,5 мың (61,8% ↑)
Тау-кен өндіру өнеркәсібі – 8,4 мың ( 48%↑)
Өңдеу өнеркәсібі – 37,8 мың (31,1%↑)
Құрылыс - 32,1 мың (26,6%↑)
Өңірлерге тоқталайық. 5 айда ең көп 41 мың вакансия Астана қаласында тіркелді. Одан кейін Павлодар, Түркістан облыстарында 34-35 мың аралығында бос орын ұсынылып, жұмыс берушілердің белсенділігі байқалды. Сонымен қатар Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында еңбек күшіне қажеттілік былтырғы кезеңмен салыстырғанда ең жоғары өсім көрсетті.
Бос жұмыс орындары
2026 ж. қаңтар-мамыр
Астана қаласы - 41 мың
Павлодар облысы - 34,8 мың
Түркістан облысы - 33,9 мың
Өсім:
Атырау облысы - 63,2% ↑)
Ақмола облысы - 43,7% ↑)
Түркістан облысы - 23,2% ↑)
Елде жұмыссыздық деңгейі – 4 жарым пайыз. Бірінші тоқсанының қорытындысын министр Асқарбек Ертаев жуырда Үкімет отырысында жариялады. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 228 мың азамат қамтылса, соның 85 мыңы – жас буын. Биыл сапалы жұмыс орындарының санын 3 млн 100 мыңға жеткізу жоспарланған.
2026 ж. І тоқсан
Жұмыссыздық - 4,5%
Жәрдемдесу шаралары - 228 мың
Жастар - 85 мың
Жоспар - 3,1 млн сапалы жұмыс орны
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Бұдан әрі жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің неғұрлым белсенді моделіне көшуге бет бұратын боламыз. Мансап орталықтары "бэк-офис" моделінен "фронт-офис" моделіне ауысады. Негізгі назар жұмыспен қамтылмаған азаматтарды анықтау, атаулы сүйемелдеу және тұрақты жұмысқа орналасуға дейін жеткізу мәселелеріне аударылады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа моделі енгізіледі, жұмыс орындарын квоталау тетігі кеңейтіледі.
2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының үлесін 45%-ға жеткізу мақсаты қойылды. 1 маусымға дейін өңірлерде мансап орталықтары арқылы 200 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтылды. Оның 75 мыңы – жастар. Ұлттық жобалар мен аймақтарды дамыту жоспарлары аясында биыл жалпы саны 40 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жұмыс берушілер #жұмыс орны #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz