RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Джеки Чанның Алматыға келуіне байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді

13.07.2026, 10:54 43

Әлемге әйгілі актер, режиссер әрі продюсер Джеки Чанның қатысуымен өтетін халықаралық киножоба кезінде Алматыда қоғамдық қауіпсіздік күшейтіледі, деп хабарлайды «24KZ».

Осыған байланысты Алматы қаласы полиция департаментінде түсірілім кезеңіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланған кеңейтілген жұмыс кеңесі өтті.

Жиынға қоғамдық қауіпсіздікке, жол қозғалысын ұйымдастыруға, түсірілім алаңдарын сүйемелдеуге және жоба ұйымдастырушыларымен өзара іс-қимылға жауапты бөлімдердің басшылары қатысты.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов мұндай ауқымды халықаралық жобалардың қала мен елдің беделі үшін маңызды екенін атап өтті.

Біздің басты міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сенімді қорғау және түсірілім жұмыстарының кедергісіз өтуіне барлық қажетті жағдайды жасау. Мұндай жобалар Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан әрбір қызмет кәсіби, үйлесімді әрі заң талаптарын қатаң сақтай отырып әрекет етуі тиіс, – деді Айдын Қабдұлдинов.

Кеңес барысында түсірілім алаңдарындағы қауіпсіздік, жоба қатысушыларын сүйемелдеу, жол қозғалысын реттеу, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету алгоритмдері пысықталды.

Полиция департаменті халықаралық түсірілім тобы мүшелерінің, Алматы тұрғындары мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Алматыда Джеки Чанның қатысуымен Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісі басталды. Жоба Қазақстан мен Қытайдың бірлескен қолдауымен жүзеге асырылуда.

Фильм түсірілімі 2026 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді. Негізгі түсірілім орындары Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz