Шілденің алғашқы онкүндігінде 120 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Ішкі істер министрлігі заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қою үшін "Қарасора - 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Осының аясында Астана қаласының полиция қызметкерлері жымысқы ойын жүзеге асырмақ болған 26 жастағы тұрғынды ұстады. Азаматтың жалға алған үйін тексеру барысында салмағы 245 грамдық 220-дан астам синтетикалық есірткі орамы табылды. Ресми дерекке сенсек, күдікті психотроптық заттарды қала аумағында сатпақ болған. Осылайша, тәртіп сақшылары шілде айында Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетімен бірлесе отырып, 190-ға жуық Заң бұзушылық дерегін тіркеген. Нәтижесінде он күн ішінде есірткі сатудың 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді егудің 40 фактісі анықталды. Сондай-ақ есірткі контрабандасының төрт фактісі тіркелді.
Елдар Әбдікенов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:
- Заңсыз айналымнан 266 кг прекурсор мен 760 кг есірткі, оның ішінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында нашақорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге ерекше назар аударылуда. Бірінші онкүндікте алты мың жасөспірім мен жастарды қамти отырып, 145 профилактикалық іс-шара өткізілді. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жастарды есірткі ортасына тарту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #есірткі #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz