RU
Толық нұсқаға өту

Балқаш әуежайы жаңғыртылды

13.07.2026, 16:40 30

Балқаш әуежайы жаңғыртылғалы жолаушыларды өткізу мүмкіндігі сағатына 80 адамға дейін артты.

Стартегиялық нысан қайтарылған активтер есебінен күрделі жөнделіп, заманауи үлгіде жабдықталды. Қазір халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетеді. Мұнда елдің ең үлкен екі мегаполисінен әуе рейстері қатынайды. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Балқаш әуежайы 1967 жылы құрылған. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соңғы екі жылда толықтай жаңғыртылып, жақында қайта пайдалануға берілді. Ғимараттың тарихи сәулеті сақталған. Ал ең бастысы мұнда жаңадан рейстер қосылып жатыр. 

Бұл жерден Астана мен Алматыдан рейстер күн сайын қатынайды. Балқаш облыс орталығынан 363 шақырым, ал Астанадан шамамен 600 шақырым қашықта орналасқан. Бұған дейін курорттық аймаққа жету көп уақыт алатын.

Әуежайда туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді. Мұнда жолаушылар Балқаш пен Қарағанды облысының көрікті жерлері, демалыс орындары мен туристік бағыттары туралы мәлімет алады. Екі жарым жыл ішінде нысанның инфрақұрылымы толық жаңартылды. Ұшып-қонатын жол мен перрон қайта жөнделіп, арнайы техника қызметінің ғимараты салынды. Бұған қоса заманауи жаңа 10 техника алынды.

Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:

- Балқаш қаласы қазір туристік бағытта өте қарқынды дамып келе жатыр. Президенттің тапсырмасына сай осы қала туристік бағытта дамығаннан кейін бұған жол инфрақұрылымы, теміржол бар, әуежай бар, туристердің қолайлы келуіне бүкіл жағдай жасалып жатыр. 

Әуежайды жаңғырту жобасы мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына және өңірлік инфрақұрылымды дамытуға бағыттау жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асырылды.

Дәулет Сәттібаев, Балқаш қаласының прокуроры:

- Қайта жаңғырту мемлекетке қайтарған заңсыз иемделген активтер есебінен құрылған арнаулы мемлекеттік қор есебінен жүзеге асырылды. Нысанды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін дамытуға мүмкіндік берді. 

Өңірде көлік желісін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Жаз мезгілінде Қарағанды мен Балқаш арасында қосымша пойыздар қатынайды. Ал Балқаш-2 теміржол станциясы күрделі жөндеуден өтті. Мамандардың айтуынша, мұның бәрі облыстың басты курорттық аймағына қатынасты жақсартады. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz