Ақтауда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екінші кезеңі өтті.
Тазалық жұмыстарына 500-ге жуық адам қатысып, Каспий теңізінің жағалауынан үш тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Экологиялық акцияның негізгі алаңы 15-шағын ауданындағы «Самал теңізі» жағалауы болды. Сенбілікке қатысушылар жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтан тазартып, жиналған қоқысты арнайы орындарға шығарды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, акция нәтижесінде Каспий жағалауынан шамамен үш тонна қалдық жиналды.
Армат Жүсіпқалиев, Экология департаментінің басшысы:
- Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында Маңғыстау облысы республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан өңірлердің бірі. Себебі жыл басынан бері ауқымды жұмыстар атқарылды. Заңсыз қоқыс орындары анықталып, оларды жою бойынша тиісті шаралар қолға алынды. Қаланың маңындағы жағдай да айтарлықтай жақсарып келеді. Мәселен, 2025 жылы заңсыз қоқысқа қатысты 65 нүкте анықталса, биыл олардың саны небәрі 16-ға дейін азайды.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов экологиялық бастамалар өңірде тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаны тазартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырады.
Әбілқайыр Байпақов, қала әкімі:
- ««Таза Қазақстан» акциясындағы ең маңыздысы – тек бір реттік тазалық жұмыстарын жүргізу емес. Ең бастысы – тазалық мәдениетін және осындай ұстанымды қалыптастыру. Сондықтан Ақтау қаласының ең көрікті жерлері мен көшелерінде азаматтардың қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының екінші кезеңі елдің 12 өңірінде қатар өтті. Табиғи бұлақтар жоқ Маңғыстау облысында тазалық жұмыстары Каспий теңізінің жағалауы мен Қаракөл көлі аумағында жүргізілді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрғындарды табиғатты қорғауға жұмылдырып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін айтады.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Саламат Бекбаев
Тегтер #Каспий #қоқыс #Таза Қазақстан #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz