RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында тарихи бұлақтардың көзі ашылды

13.07.2026, 17:16 83

Павлодар облысы да «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екінші кезеңіне атсалысты. 

Ауқымды шара Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында елдің барлық өңірінде өтіп жатыр. Баянауыл ауылындағы тарихи бұлақ облыстағы тазалық жұмыстарының негізгі аумағы болды. 

«Мөлдір бұлақ» республикалық акциясы елдің табиғи байлығын сақтауға бағытталған маңызды бастама. Экологиялық марафон аясында Баянауылдың көрікті жеріндегі бұлақтың таңдалуы кездейсоқ емес. Жергілікті тұрғындар оның соғысқа дейінгі кезеңнен бастау алатын тарихын ерекше құрметпен сақтап келеді.

Серік Ысқақов, Баянауыл ауылының тұрғыны:

- Соғысқа дейін бұл жерде тері өңдейтін зауыт болған екен. Мұны бізге әке-шешеміз айтып отыратын. Ол зауыт майдан қажеттілігі үшін жұмыс істеген. Содан бері осы бұлақтың маңында өсіп-өндік. 

«Мөлдір бұлақ» акциясының екінші кезеңі бір мезетте Қазақстанның 12 өңірін қамтыды. Ел бойынша еріктілер мен белсенділер 58 бұлақ пен 35 су айдынының жағалау аумағын тазартты. 

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
-
Министрлік осы бағытта белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. 2024 жылдан бастап мектептерде, жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттерге кездесулер өткізіп, күнделікті тұрмыста суды қалай үнемдеуге болатыны туралы қарапайым әдістемелік нұсқаулықтар ұсынып келеміз. Бұл жұмыстарға оқушылар да белсенді атсалысып жатыр. Сонымен қатар «Су ізі» атты ақпараттық бағдарламаны әзірледік.

Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәдениеті туған жерге қамқорлық жасаудан басталады. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың пікірінше, табиғи су көздерін сақтау мемлекет пен әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

- Біздің өңірде 40-тан астам саябақ жаңғыртылып, бірнеше көл мен өзендердің жағалаулары тазаланды. Ол жерлерде кешенді абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл қоршаған ортаны сапалы деңгейде қалыптастыру үшін жасалған үлкен қадам. 

Баянауылдан бөлек экологиялық шара Май ауданындағы үш бұлақта өтті. Облыс бойынша биыл акция басталғалы 18 бұлақтың көзі ашылып, 80 тонна қоқыс шығарылды.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Марат Игіліков

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz