Шығыс Қазақстанда «Алтай-түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль өтті.
Өңірдің «рухани брендіне» айналған бұл мәдени іс- шараны тамашалауға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келді. Алыс-жақын шетелден 100-ден астам қонақ қатысты. Фестиваль поэзия кешімен басталып, Димаш Құдайберген ән салған гала концертпен түйінделді. «Шекара шебіндегі Қатонқарағайда өткен этно-фестивальдің мақсаты – түркі елдерінің достастығы мен бірлігін насихаттап, киелі мекеннің кереметін төрткүл дүниеге паш ету», - дейді ұйымдастырушылар.
Төр Алтайдың мұнар шыңы, сыңсыған орманы, көз тартар табиғаты арқалы жыр мен әуезді әнге бөленді. «Алтай Түркі әлемінің алтын бесігі» атты фестиваль ақтаңгер ақын Ақтан Нұрбаевқа арналған поэзия кешімен басталды. Берел жазығында 16 ақын бас қосып, жұртты рухты өлеңмен тамсандырды. Содан соң байқау аламан бәйгемен жалғасты. Мұнда қонақтарға барлық жағдай жасалды. 60-тан астам қазақ үй тігіліп, сауда алаңдары, тарихи көрме орындары, тіпті 200 орындық кэмпинг алаңы жабдықталды. Ат арылтып келген қонақтарда шек жоқ.
Надим Мұхаммад, турист:
- Бұл жақтың табиғаты ғажап екен. Тау орман,мүлгіген тыныштық. Адамдары сондай қонақжай.
Этнобайқауда «Ақтанымын Алтайдың» атты айтыс өтті. Жыр додасына ақындар ерекше шабытпен келді.
Шұғайып Сезімхан, айтыскер ақын:
- Адамдары қандай табиғаты қандай, тау-тасы өзен көлі барлығы шабыт береді. Осындай кезде кәдімгідей арқамыз қызады. Қанаттанып кетеміз.
Бас жүлде шығысқазақстандық Серік Қуанғанға бұйырып, жеңімпаз автокөлік кілтін еншіледі. Ал кешке сахнада 9 елден келген өнер жұлдыздары ән салды. Облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов бұл фестиваль түркі әлемінің рухани сабақтастық көрінісі екенін жеткізді.
Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Түркі мемелекеттерінің тарихи және мәдние мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат ету баршамызға ортақ міндет», - деп ерекше атап өткен болатын. Бұл – уақыт талабынан туған тұжырым. Өйткені тарихын қадірлеген халықтың ғана болашағы баянды болады.
Қазақтың жезтаңдайы Димаш Құдайбергеннің Төр Алтайға табан тіреуі байқаудың басты жаңалығына айналды. Дүлділ әншіні дүйім ел қошеметпен қарсы алды.
Миа Наарис, турист:
- Мен сонау Димашты көруге келдім. Талай жыл армандап едім, сол сәт туды. Ерекше сезімде тұрмын.
Этножобаны жалпы 50 мыңға жуық халық тамашалады. «Шығыстың көрікті келбетіне куә болған қонақтар бұл өңірге қайта ораламыз», - деп аттанды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #Алтай #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz