Қазақстанда салық саласына қатысты жаңа өзгерістер топтамасы әзірленіп жатыр. Бастаманы Ұлттық экономика министрлігі көтерген.
Ведомство бұрын күшін жойған бірқатар салықтық жеңілдіктерді қайта енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар шетелдік капиталды тарту үшін бес жылдық арнайы салық режимін енгізу ұсынылған. Шенеуніктердің айтуынша, бұл шаралар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отырған басты жаңалықтардың бірі – ынталандырушы салық режимін іске қосу. Яғни, белгілі бір шартты орындаған кәсіпкерге жеңілдік беру. Арнайы режим 5 жылға дейін қолданылады. Жоба авторлары бұл шара елге жаңа жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін айтады. Алайда бизнеске қойылатын қарсы талаптар бар. Инвесторлар өз тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтуы тиіс. Ұсынылған түзетулер «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Өзгерістердің негізгі артықшылықтары мынадай.
Инвестициялық режимнің тұрақтылығын қамтамасыз ету; инвесторлардың заңды үміттерінің қорғалуы; ірі инвестициялық жобалар үшін Қазақстанның тартымдылығының сақталуы; жұмыс орындарының құрылуы және сақталуы; экономиканың басым салаларының дамуы.
Сондай-ақ министрлік шикізатқа салынатын кедендік баж салығын алып тастауды жоспарлап отыр. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін импортталатын материалдарды қосылған құн салығынан толық босатуға да ниетті. Бұл жеңілдік инвесторлар өз міндеттемелерін толық орындаған жағдайда ғана беріледі. Бұдан бөлек, мемлекет бизнестің инфрақұрылымға жұмсалған шығындарын корпоративтік табыс салығын азайту арқылы өтеп бермек. Әрине, бұның бәрі жүзеге асуы үшін ұсынылған түзетулер қабылдануы керек.
Айсұлу Молдағалиева, «Атамекен» ҰКП салық салу департаментінің директоры:
- Қазір бұл жеңілдіктердің нақты қандай көлемде өтелетінін айту қиын. Себебі Салық кодексінің нақты нормаларын әлі көрген жоқпыз. Сондықтан олардың бұрынғы тәртіппен қайта енгізілетіні не жаңа нұсқада болатыны әзірге белгісіз. Егер өзгерістер тек жекелеген нормаларға ғана қатысты немесе жеңілдік алушылардың аясы шектеулі болса, оның әсері де мардымсыз болуы мүмкін. Ал 2026 жылға дейін қолданыста болған барлық нормалар толық қайтарылса, елдегі инвестициялық белсенділік едәуір артады деуге негіз бар.
Ұлттық экономика министрлігінің пікірінше, бұл реформа кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Ұсынылып отырған шаралар жаңа инвесторларды тартуға, жұмыс орындарын ашуға және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы салық базасын кеңейтуге ықпал етеді. Заң жобасына қатысты ұсыныстар мен пікірлер 23 шілдеге дейін қабылданады. Осыдан кейін құжат әрі қарай тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Артем Грапов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Салық кодексі #кәсіпкелер #бизнесPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz