RU
Толық нұсқаға өту

Рахман қайнарына қатынайтын жол күзде аяқталады

15.07.2026, 07:50 38

Рахман қайнарына биыл күзде тақтайдай тегіс жолмен жетуге болады. Қазір ол жақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 

Құз жартас бойындағы жолға алғаш рет асфальт төселіп жатыр. Мамандардың айтуынша, тау арасында жол салу оңайға соғып жатқан жоқ. Ауыр техникалардың әрбір қозғалысы қауіп-қатерге толы. «Дегенмен мердігерлер 13 шақырымды толық аяқтап қолданысқа береміз», - деп отыр. 

Бұрын Рахман қайнарына жету жолаушылар үшін нағыз азап еді.  негізгі трасса  біткен соң, ой шұңқырға толы тастақ жол басталатын. Туристер қып-қызыл шығынға батып, жол талғамайтын көлік жалдауға мәжбүр болды. Енді бәрі басқаша. Қарағандылық Оралтай Қалиев бұл жаққа осымен екінші рет келіп тұр. Өзгерісті бірден байқапты.

Оралтай Қалиев, турист:

- Бұрын бұл жол тар болғандықтан, жүру ыңғайсыз еді. Қарсы бағыттан көлік келе қалса, бір-бірімізге жол беріп, күтуге тура келетін. Қазір жолдың жағдайы әлдеқайда жақсарған. Енді кең әрі жайлы жолмен емін-еркін қатынап жүрміз.

Бұрын соңды бұл маңда асфальт жабынды жол болмаған. «Жер бедері қиын. Кейбір ауыр техниканы сымарқанмен ұстап тұруға тура келеді», - дейді жұмысшылар. Болатбек Ібішевтің жол-құрылыс саласында жүргеніне 17 жыл болыпты. Шебер бұндай биктікте жұмыс істеу жоғары біліктілікті талап етеді дейді. 

Болатбек Ібішев, учаске басшысы:

- Бұл учаскеде техниканың бұрылатын жерлері өте аз. Сондықтан жұмыс барысында қиындықтар көп кездеседі. Соған қарамастан, жүргізушілер мен тракторшылар – тәжірибелі мамандар. Солардың кәсібилігінің арқасында жұмысты біртіндеп әрі жоспарға сай жалғастырып келеміз.

Құрылысшылар әр техниканың қозғалысын алдын-ала анықтап алады. Әйтпесе, учаскенің ең жеңіл тұсының өзі қауіпке толы.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Біз дәл қазір жолдың ең жеңіл учаскелерінің бірінде тұрмыз. Соған қарамастан мұнда да ауыр техникамен жұмыс істеу оңай емес. Бірде еңіске түсіп, бірде өрге көтерілуге тура келеді. Десе де жолшылар күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Өйткені бұл еңбек өз нәтижесін береді. Енді мұнартып көрінген Мұзтауға, қайнап жатқан Рахман қайнарына жету бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болмақ.

Бұл жолға екі қабатты асфальт төселеді. Оның сапасын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары қадағалайды. Ал құз бойы сымарқанмен қоршалатын болады.

Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Қыркүйек айына дейін асфальт төсеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр. Одан кейін абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жоба аясында 200 жол белгісін орнату және 10 шақырым тросты қоршау салу қарастырылған.

Күрделі жобаны күзде аяқтау жоспарланған. Осылайша, осы күнге дейін жету қиынға соққан Рахман Қайнарына апаратын жол енді тегіс әрі қауіпсіз болмақ. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz