Батыс Қазақстан облысының диқандары биыл күздік бидайды рекордтық көлемде жинап жатыр.
Бұл көптен болмаған түсім деп қуанып отыр. Жалпы агроөнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер бойынша, облыс көш бастап тұр. Кеше Орал өңіріне барған ауыл шаруашылығы министрі де бұл жетістіктерді тілге тиек етті. Сапар барысында министр ет комбинаттары және сүт-тауарлы фермалардың жұмысымен танысты. Астықты алқапты аралап, өңір шаруаларымен кездесті.
Тасқала ауданы Мерей ауылдық округіне қарасты «Атамұра» шаруа қожалығы биыл 10 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар екті. Осы аптада күздік бидайға орақ салған. Нәтиже көңіл қуантарлық. Егін өнімділігі – әр гектардан 50 центнерден.
Замир Сәрсенбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- 500 гектар алқаптағы күздік бидайға орақ түсті. Біз бұрын-соңды болмаған рекордтық өнім жинап жатырмыз. Бұл – биылғы жауын-шашынның арқасы әрі мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі. Қажетті несиені, тыңайтқыштарды және тұқымдық бидайды уақытылы алдық.
Соңғы үш жылда Орал өңірінде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 190 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде биыл жарты жылда жалпы өнім көлемі 4,2%-ға өсіп, 82,2 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 есеге артты. Егіс алқабының аумағы 676 мың гектарға жеткен. Төрт түліктің саны да көбейді. Астықты алқап басында өңір шаруаларымен жүздескен министр мемлекет қолдауы жүйелі жалғасатынын жеткізді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп отыр. Соңғы екі жылдың ішінде қаржыландыру мәселесі біршама шешілді. Бұрын қаржы көлемі 70 миллиард теңге болса, қазір 1 триллион теңгеден асып кетті. Батыс Қазақстан облысы былтырғы жол картасы бойынша бірінші орынға шықты. Белгіленген индикаторларды орындап жатырмыз: тыңайтқышпен қамтамасыз ету, тұқым сапасы, техника алу бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл біріншіден, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың, екіншіден, фермерлердің зор еңбегінің арқасы.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында биыл елімізде «Игілік», «Береке» және «Жайлау» атты жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары басталғаны белгілі. Алайда өңірге әлі қаржы жетпеген. Шаруалар министрден осы мәселені жеделдете шешуді сұрады. Астықты алқап басында басқа түйінді тақырыптар талқыланды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #рекорд #астық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz