RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте үш кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды

15.07.2026, 13:15 31

Шымкентте ауаны белгіленген нормадан тыс ластаған үш бірдей кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылды. 

Бұған қаладағы экологиялық ахуалдың нашарлауы себеп болған. Ресми мәліметке сәйкес соңғы үш жылда атмосфераға бөлінген зиянды қалдықтардың көлемі 31 мыңнан 40 мың тоннаға дейін артқаны анықталды. Биыл экологтар ауа сапасын жақсарту мақсатында өндіріс ошақтарына 26 рет тексеру жүргізді. Нәтижесінде 39 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 90 миллион теңгеге дейін айыппұл салынды. Зертханалық сараптамадан соң бірқатар кәсіпорын басшысына кемшіліктерді жою туралы арнайы нұсқама берілді. Егер жағдай түзелмесе, іс материалдары сотқа жолданады. Қазір салынған айыппұлдың 70 миллион теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар экологтар полиция департаментімен бірлесіп, автокөліктен шығатын зиянды қалдықтардың деңгейін анықтау мақсатында рейдтік бақылауды қолға алды.

Дүйсен Құлтілеуов, қалалық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Ауаны ластау шығарындылар көлемі жылдан-жылға көбейіп жатыр. Оның нақты себебі индустриалды зоналардың жаңадан ашылуы, олардағы кәсіпорындардың көбеюі, оған қоса көлік санының артуы осы шығарындылар көлемінің артуына әкеп соғады. Сол себепті біз де жұмыстарымызды, экологиялық талаптарды күшейту бойынша барынша жұмыстар атқарып жатырмыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz