Көкшетаудағы жаңа жағалау қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналды.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған жайлы жерде серуендеп, тынығуға барлық жағдай бар. Бүгінде «Жаңа жағалау» қаланың мәдени және қоғамдық өмірінің маңызды орталығы саналады. Мұнда түрлі фестивальдар, концерттер, спорттық және мәдени іс-шаралар тұрақты өткізіледі.
Көрікті Көкшетау жыл өткен сайын жаңарып келеді. Жайлы әрі өмір сүруге қолайлы қаланың ең әдемі орындарының біріне енді осы жағалау қосылды. Кешкісін отбасымен бірге Қопа көлінің жағалауына асығатындар көп. Риза пейілде, шат-шадыман көңілде жүргендердің дені жастар.
Нұрым Әшімов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Қаламыз соңғы кездері өте көркейіп келеді инфраструктурасы. Міне жаңа жағалау ашылды, скейтпарк ашылды, жаңа ауруханалар, спорт кешендері ашылып жатыр.
Дидар Хамзин, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Жалпы мұндай тенденция біздің қаламыз үшін өте керемет деп санаймыз, бүгін достарымызбен бірге жиналып осы жерде жастардың әртүрлі өздерінің қызығушылықтарын көрудеміз.
Жағалауды абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мұнда жағажай аймағы, амфитеатр, серуен жолдары мен спорт алаңдары салынған. Сондай-ақ белсенді демалысқа арналған заманауи скейт-парк пайдалануға берілді.
Айгүл Нөгертаева, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
– Бұл нысанның құрылысы аяқтала келді, күзге қарай толық пайдалануға беріледі. Дегенмен, қаланы дамыту тек бұл жағалаумен шектелмейді. Қазір Көкшетауда бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, көп салалы облыстық аурухана салынып жатыр. Сонымен қатар жабық футбол стадионының құрылысы жоспарланған.
Шаһарда саябақтар мен қоғамдық орындарды кешенді түрде абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Былтыр іске қосылған туристік маршрут арқылы қала қонақтары көрікті жерлерді қызықтап, дәл осы жаңартылған Қопа көлінің жағалауына жете алады.
Талғат Серікқалиұлы, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный
Тегтер #Көкшетау #жағалау #қала #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz