Экологиялық, әлеуметтік әрі корпоративтік басқарудағы жауапкершілік.
Бұл жалаң ұран емес, бизнес алдындағы алтын қағидаға айналып барады. Осы талаптарды сақтағандарға сенім де көбірек. Сонымен «жасыл» трансформация тақырыбында тарихтағы алғашқы бірегей алаң ұйымдастырылды. Орталық Азия мен Қытай бірлесе аймақтағы үздік ESG-тәжірибелерді жинақтады. Сондай-ақ «ESG бағдар ретінде: болашаққа ұмтылған ынтымақтың жаңа экожүйесін қалыптастыру» атты семинар өтті.
Орталық Азия мен Қытайдың мемлекеттік секторы, бизнесі мен халықаралық ұйымдары және талдау орталықтары ортақ талапқа жұмылды. Әмбебап тілге айналған ESG ережелерін елдерінде берік енгізбекші. Бұны экологиялық, әлеуметтік әрі корпоративтік басқаруға ұмтылу, деп ұғынса болады.
Чжан Цзяньюй, «Бір белдеу – бір жол» жасыл даму халықаралық коалициясы бас хатшысының орынбасары:
- Аймақтағы бес ел энергетика, логистика және тау-кен өнеркәсібінен бөлек қаржы мен агро салалардағы 60 табысты жобасын ұсынды. Барлығы үздік. Бірақ, ең әлеуетті 13 жоба таңдап алынды. Бұл салаға салынған инвестициялар елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтады. Бүгінде біз Қазақстанмен өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені бұл жасанды интеллект технологиялары белсенді қолданылып жатқан, қарқынды дамып келе жатқан экономика.
Осылайша «Орталық Азиядағы ESG үздік тәжірибелері» жинақталды. Себебі таңдаулылар жоғары стандарт, тұрақтылық және адамдардың әл-ауқатын жақсартуға басымдық берген. Айта кетейік, жинақты «Синьхуа» ақпарат агенттігінің Қытай экономикалық ақпарат қызметі мен «Бір белдеу, бір жол» жасыл даму халықаралық коалициясы бірлесіп жариялаған.
Юлия Якупбаева, «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы тұрақты даму және ESG жөніндегі кеңестің төрағасы
- Егер Қазақстан туралы айтсақ, декарбонизация стратегиясына сай жол картасы жасақталып жатыр. Ондағы өзгерістер экономиканың барлық секторын қамтуы тиіс. Осы ретте жасылдандыру бағдарламасы озық елдердің тәжірибесіне бізде жүгінеміз.
ESG ережелері бірте-бірте мемлекеттік деңгейде бекітіліп жатыр. Мәселен, 2060 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын нөлге жеткізу стратегиясы қабылданды. Жаңа экологиялық кодекс енгізіліп, «ластаушы төлейді» қағидасы жұмыс істейді. Ірі өндіріс орындарына зиянды азайту үшін жаңа технологияларға инвестиция құю заңмен міндеттелген.
Нысаналы Ығыл, Мейрам Жүнісов
Тегтер #Орталық Азия #ESG #тәжірибе #жасыл трансформация #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz