RU
Толық нұсқаға өту

Қарағандыда жаңа веложол салынып жатыр

16.07.2026, 09:10 41

Ол қаланың оңтүстік шығысынан Алматыға шығатын тасжол бойында төселеді. Биыл кеншілер шаһарын абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Әр жобада жергілікті тұрғындардың өтініші ескерілген.

Қаладан Алматыға шығаберіс осы даңғылдың бойы бұрын сұрықсыз еді. Биыл айналасы абаттандырылып жатыр. Маңайына екі мың көшет егіледі. Ал қос қапталда көпшіліктің өтініші бойынша веложол болады. Ол 5 шақырымға созылады. Енді велосипедшілер бұрынғыдай асфальт жиегімен жүрмейді.

Нариман Итқарин, Қазыбек би ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

- Жолдың екі шетінен веложол қосып, абаттандырып жатырмыз. Біздің қалада велосипедистердің саны өте көп. Велоспорттың деңгейі көтеріліп жатыр. Жоспар бойынша биыл 5 шақырым веложолды жасайтын боламыз.

Қалада биыл саябақтар мен гүлзарлар да абаттандырылып, көшелердің қиылысына түрлі мүсіндер қойылады. Тұрғындар көп жүретін орындарға 12 мыңнан астам ағаш, 7 мың бұта егу жоспарланған. Сонымен бірге тынығатын жаңа кеңістіктер пайда болды. Мысалы, жақында үш гүлзардың бойында ашық аспан астында жаңа шахмат алаңдары ашылды.

Былтыр қалада сегіз шағын саябақ салынды. Содан кеншілер қаласы жасыл желекке бөленіп, адамдар демалатын орын көбейді. Саябақтардың кейбірінде жүгіру және велосипед тебу жолдары, тіпті кітапхана да бар. Ал биыл орталық саябақтағы көлдің маңы абаттандырылып, Көгілдір тоғандар ықшам ауданында жаңа экопарктің құрылысы басталды. 200 гектар аумаққа мыңдаған емен, алма, қарағай және қарағаш егілді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz