RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу облысындағы ұлттық паркте визит орталығы ашылды

16.07.2026, 09:20 42

Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде визит-орталығы ашылды. Енді туристер тұмса табиғатты тамашалап қана қоймай, заманауи қызметтің  игілігін көреді.

Туристерге қолайлы болу үшін Сарқан ауданының әкімдігі парк аумағында қонақ үй кешенін де салды. 

Ұлттық парктегі №3 туристік бағыт – келушілердің ең көп таңдайтын орны. Көктемде тау бөктері Сиверс алмасының қызғылт гүлдерімен көмкеріледі. Сол кезде дәстүрлі алма фестивалі ұйымдастырылып, жер-жерден жүздеген адам жиналады. Осы уақытқа дейін қонақтар негізінен киіз үйлерден құралған этноауылда түнеп келсе, енді ұлттық нақыштағы заманауи жайлы орындарда тыныға алады.

Кенжебек Иманәліұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Шетелге барып демалғанша, өзіміздің Қазақстанда демалмаймыз ба? Міне, жер жәннаты – Жетісуда демалатын орындар ашылып жатыр. Өзіміздің экономикамызды көтермейміз бе? Шетелге ақша шашқанша өзіміздің Қазақстанға құяйық.

Тополевка ауылындағы визит-орталығы туристік бағыттардың негізгі нүктесіне айналды. Табиғат аясындағы қонақ үй кешені бір мезгілде 60 адамға дейін қабылдай алады. Осы жерден туристер ұлттық парктің аумағын аралайды.

Мақсұт Шәмшидинов, Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туризм инженері:

- Біздің негізгі мақсатымыз – туристер санын арттыру. Ол үшін мүмкіндік жеткілікті. Мұнда Сиверс алмасы өседі. Былтыр бұл жерге 913 адам келді. Осы жерден Төменгі Жасылкөлге, Сиверс алмасы өсетін ғылыми-танымдық бағытқа, Шумский мұздығына және Ақкөл көліне саяхат жасауға болады.

Жоңғар-Алатау ұлттық паркінде 15 туристік бағыт жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең ұзақ бағыт Алакөл жағалауын таудағы Жасылкөлмен жалғайды. Мұнда туристік инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Қазір Жаланаш аңғарына дейін жол салынып жатыр. Алдағы уақытта тағы бір визит-орталығын ашу жоспарланған. Былтыр  ұлттық паркке 7 мыңнан астам турист келді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Тарғынбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz