RU
Толық нұсқаға өту

11 жастағы Әмина бір айда 60 кітап оқиды

16.07.2026, 09:30 44

Шымкентте 5-сынып оқушысы бiр айда 60 кiтап оқып шықты. Осының арқасында көркем әдебиетке құштар баланың сабақ үлгерімі мен есте сақтау қабілеті айтарлықтай жақсарған.

Мұғалімдердің айтуынша, зерек шәкірттің кітапқа деген ықыласы өзге оқушылардың да талпынысын арттырған. 

11 жастағы Әминаның қатарластарына қарағанда кітапқа деген ықыласы ерте оянды. Оның парақтаған шығармаларының басым бөлігі - әдеби классика мен шытырман оқиғалы фантастикалық туындылар. Тіпті жас болса да әр дүниенің ішкі мәнін ұғынып, мазмұнын санасына сіңіре білген.   

Әмина Сембек, оқушы: 

- Мен бір айда 60 кітап оқыдым. Оның ішінде Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсынұлы, комикстер, жарытылыстану және тағы басқа шытырман оқиғалар туралы кітаптарды оқыдым. Бір жағынан бұл қиынға соқты. Ал екінші жағынан күнде оқыған сайын қызыға бастадым. 

Әминаны бұл игі іске мектептегі мұғалімі баулыған. Ұстазы Гауһар Аманқожақызы сыныптағы барлық оқушыны кітап әлеміне ынталандырып, білім беру бағдарламасынан бөлек, әдеби шығармаларды да оқуды ұсынады. Тіпті арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырып, сол тың дүниелердің негізгі идеясын бірге талдайды.

Гауһар Аманқожақызы, мұғалім:

- Кітап оқуға сынып бойынша ұмтылып, қызығып, алған, оқыған кітаптарын айтқан кезде балалар бір-біріне қарап, мен де мына кітапты оқысам екен деп қызығушылықтары артып отырды. Кітап оқығанын біз сұрақтар арқылы тексеріп отырамыз. Бала қаншалықты алған кітабын түсінді!? Біз бұл жерде толық ата-анамен бірлесіп жұмыс істейміз. 

Әмина сабақтан тыс уақытын кітап оқуға арнайды. Ол үшін алдын ала арнайы жоспар құрып, шығармалар тізімін жасайды. Айына 50-60 кітап тауысатын ол осы күнге дейін 300-ден астам әдебиетті парақтап үлгерген. Оқушының пайымдауынша, экранға телміргеннен гөрі кітап оқыған әлдеқайда қызығырақ. Себебі оқырман оқиғаны көз алдына елестетіп, ой-өрісін дамытады. 

Әмина Сембек, оқушы: 

- Кітап оқу себебім тіл байлығымды көбейтемін және де өзімнің сөйлеу мәнерім жоғары болады деген оймен оқыдым. Мен күніне жоспарлы түрде 60 беттік кітап оқимын. Әр 20 бетті оқыған сайын көзімді демалдырып тұрамын. 

Талапты жеткіншек жыл соңына дейін тағы 100 кітапты оқып шығуды жоспарлап отыр. Әзірге балалар әдебиетіне басымдық беріп жүрген жас өрен алдағы уақытта Мұхтар Әуезов пен Міржақып Дулатұлының іргелі шығармаларымен танысуды мақсат етеді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz