ҚМА Астана бойынша департаменті World Business Consulting қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды «24KZ».
Тергеу амалдарына сай, 2020 жылы күдікті азаматтардың қаражатын жоғары табыс әкелетін инвестициялық бағдарламаларға қатысу сылтауымен тартқан.
Алайда компанияның тиісті лицензиясы болмаған және іс жүзінде инвестициялық қызметпен айналыспаған.
Қаражат қолма-қол түрде қабылданып, бухгалтерлік құжаттармен рәсімделмеген. Заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру мақсатында салымшыларға онлайн-платформада жеке кабинеттер ашылып, онда жалған «табыс» көрсеткіштері бейнеленген. Түскен қаражат қаржы пирамидасына тән қағида бойынша қайта бөлініп отырған, яғни бұрын тартылған қатысушыларға төлемдер жаңа салымшылардың есебінен жүргізілген, — делінген хабарламада.
Жаңа қатысушыларды тарту үшін таныстырылымдар мен үгіт-насихат іс-шаралары ұйымдастырылып, сондай-ақ БАӘ мен Түркияға сапарлар өткізілген.
Уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз схема бастапқы кезеңінде тоқтатылды. 2024 жылы күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, соттың санкциясымен сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
2026 жылғы қаңтарда ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Сот санкциясымен күдіктінің жер учаскесіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Астана #қаржы пирамидасы #күдікті #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz