Елімізде конституциялық реформалардан кейін мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек көлемі кеңейді.
Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан әлеуметтік маңызы бар 11 ауруға күдік туған жағдайда консультативтік-диагностикалық қызмет тегін көрсетіледі. Қарағанды медицина университетінің жанындағы клиникаларда да кезек күттірмейтін дәрігерлік көмек түрлері кең ауқымда жүргізіліп отыр. Бұл бастама халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарына туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, вирусты гепатит пен бауыр циррозы, инфаркт, созылмалы бүйрек ауруы және инсульт сынды дерттер енгізілген. Ағзасында аталған ауру белгілері анықталған жандар мемлекеттік кепілді медициналық қызмет аясында емделеді. Тегін берілетін дәрілік заттардың тізімі де кеңейтіліп, үш мыңнан асты. Бұған қоса халыққа жедел жәрдем қызмет көрсетіп, шұғыл жағдайда санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі.
Нұрқасы Абатов, Қарағанды медицина университетінің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры:
- Мемлекеттік кепілдік берілген медициналық көмекке ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл санатқа әлеуметтік маңызы бар 11 ауру түрі жатады. Оның ерекшелігі – бұл медициналық көмекті алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебенің немесе сақтандыру полисінің болуы талап етілмейді.
Мамандардың айтуынша, конституциялық реформалардан кейін мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек көлемі кеңейді. Бұл ауруды ерте кезеңде анықтап, науқастардың уақытылы ем алуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде асқыну азайып, халықтың өмір сапасы жақсарады. Осы орайда, Қарағанды медициналық университеті жанындағы клиникаларда да дәрігерлік қызмет қолжетімді.
Нұрқасы Абатов, Қарағанды медицина университетінің клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры:
- Қарағанды медицина университетінің клиникасында мемлекеттік кепілдік берілген медициналық көмектің бірнеше түрі көрсетіледі. Атап айтқанда, жалпы хирургия, проктология, торакальды хирургия, ересектер мен балалар урологиясы, сондай-ақ жақ-бет хирургиясы және гинекология салалары бойынша медициналық көмек көрсетеміз.
Конституциялық реформалар аясында бірыңғай медициналық көмек жүйесін қалыптастыру арқылы мемлекет кепілдік беретін қызметтердің аражігі нақтыланды. Сала мамандарының айтуынша, бұл медицинаға бөлінетін бюджет ақшасының тиімді жұмсалуы мен дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттырады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #конституциялық реформа #медициналық көмек #дәрігерлік көмекPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz