Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығы 10 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған балалар мен әйелдерге жәрдем беріп келеді.
Қазір орталықты 63 адам паналап жүр. Оның 50-ге жуығы бала. «Үміттің» сенім телефонына күн сайын қоңырау түседі. Биыл 180 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтылу жолын сұраған.
Өзін Мадина деп таныстырған келіншектің үш баласы бар, кішкентайы жасқа да толмаған. Ойынқұмар жолдасы мазасын алып, басынан ұратып, көктемнің салқынында үйден қуып шықты. Содан бері Мадина «Үміт» орталығын паналап жүр. Айтпақшы, бұл екінші рет келуі.
Мәдина, қала тұрғыны:
- Агрессиясын басқара алмайды. Зорлық-зомбылық та көрсетеді. Сыртынан қарап, адамның қандай екенін аңғару қиын. Адамды өзгерту өте қиын. Соның салдарынан өзің сынып кетесің. Мен ажырасқанмын. Ол маған: «Қайта қосылайық, бірге тұрайық», – деп айтады. Алайда мен қайта барудан қорқамын. Себебі қайта оралсам, бұрынғы жағдайдың қайталанатынын жүз пайыз түсініп тұрмын. Ал оны тағы бір рет бастан өткеруге қазір менің шамам жоқ.
28-дегі келіншектің қатты шаршағаны байқалады. Орталық психологтары оны күйзелістен шығаруға барын салып жатыр. Бұл үшін 2-3 ай кетеді.
Камила Оразбаева, «Үміт» дағдарыс орталығының психологы:
- Мак терапия ашық және жабық түрде өткізіледі. Бізде жаңа жабық түрде өткізілді. Екі карта таңдалды. Көбінесе 4-5 карта таңдалады. Келіншектер ішкі жай-күйін сурет арқылы бейнелеп шығарады. Кейде айта алмайды ғой ішіндегісін, суретке қараған кезде бұрынғы оқиғалары есіне түседі. Сөз арқылы, өзінің ішкі жай-күйін сыртқа шығарады.
Мемлекеттік дағдарыс орталығы 70 орынға лайықталған. Ол орындар ешқашан босамады. Тағдыр тәлкегін көрген әйелдер мен балаларға қажет көмектің бәрі көрсетіледі. Қауіпсіз ортада 6 айға дейін тұруға болады. Бес мезгіл тамақтанып, курстардан өтуге жағдай жасалған. Бәрі тегін. Ашылғалы 3 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Биылдың өзінде 120 әйел жүгінген. Демек дағдарыс орталығының қызметі әлі де өзекті.
Әмина Әбдіғалиқызы, «Үміт» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері:
- Осы жыл мен былтырғы жылды салыстырғанда көбейді деп айтуға болады, егер біздің орталықтың статистикасына жүгінетін болсақ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бір рет емес, 2-3 рет қайталанып келе жатқаны белгілі болып тұр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек қана ұрып-соғу емес. Экономикалық тұрмыстық зорлық-зомбылық өте көп.
Елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң бар. Тек лудомания, басқа да зиянды әдеттерге әуестік, жұмыссыздық мәселесі шешілмей тұр. Ерлердің есерлігіне себеп осылар. Салдарын балалар көретіні өкінішті. Қазір Үміт орталығының мамандары қызмет алушыларға құжаттарын түгендеп, жәрдемақы рәсімдеуге, тіпті жұмысқа орналасуға көмектеседі. Осылайша, бауырында баласы бар әйелдің аяққа тұруына себепші боп жүр.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Самат Қазанбаев
Тегтер #дағдарыс орталығы #Астана #тұрмыстық зорлық зомбылық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz