RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстікте ауа температурасы 49 градусқа дейін жоғарылайды

17.07.2026, 09:36 58

Оңтүстікте де аптап ыстық басылмай тұр.

Синоптиктердің болжауынша, осы айда  Шымкент пен  Түркістан облысында сынап бағанасы  49 градусқа дейін көтеріледі. Осыған байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Көшелер мен ойын алаңдарына арнайы техникамен су шашып, барынша салқындатып жатыр.

Аптап ыстық алқымнан алды. Шіліңгір шілдеде көпшілік көшеге шығудан қалды. Әсіресе балалар еркін ойнай алмай жүр. Сондықтан жергілікті билік тығырықтан шығар жол іздеп, тұрғындарға тосынсый жасады. Көп қабатты үйлердің ауласына арнайы техникамен су шашып, салқындатып алды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Ойын алаңындағы салқын судың лебі қапырық күннің қызуын басқандай. Осы бір қызықты сәт балалармен қатар ересектерге де ерекше көңіл-күй сыйлады. Осылайша су шашып, мәз-мейрам болғандар бір серпіліп қалды.

 Тіпті балалар үшін үшін арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Викториналық ойындар өтіп, іс-шара ән мен биге ұласты.

Ұлжанат Бахыт, қала тұрғыны:

- Бүгінгі күн ұнап жатыр. Өте ерекше көңіл-күй сыйлап жатыр. Қуаныштымыз. Балаларға балмұздақ таратылып, бір салқындап, рахаттанып қалдық бәріміз. 

Коммуналдық техника күніне 400-ден астам даңғыл мен көшеге су бүркіп шығады. 

Әбілқайыр Оңғар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:

- Осы жұмыстар күз айына дейін жалғасады деген жоспарымыз бар. Осы аралықта біз қаланың барлық ойын алаңдарында, орталық көшелерде, сонымен қатар аялдамаларда жұмыстарды жүйелі түрде жүргіземіз. 

Түркістан облысында да ауа температурасы 40 градустан түспей тұр. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ыстық күшейеді. Әзір жауын-шашын да болмайды. Мұндайда сырқаты дендеп кететіндер көп. Жедел медициналық көмекке жүгінушілер саны артқан. 

Венера Бексейітова, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім меңгерушісі:

- Жедел медициналық жәрдем беру станциясына түсіп жатқан шақыртулардың саны артуда. Енді атап айтатын болсақ өткен ай мен қазіргі айды салыстырсақ, өткен айда күнделікті түсіп жатқан шақыртулар 2200-2400 аралығында түсіп жатса, қазіргі таңда 2500-2600 үстінде шақыртулар орындалып жатыр. Оның ішінде демалыс күндері одан да көп болады. 

Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстыққа қарттар, созылмалы ауруы барлар және  жасөспірімдер өте сезімтал болады. Сондықтан күн астында көп жүрмей, бас киім киіп, суды жиі ішуге кеңес береді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Айша Көшеман, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz