RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында мотокөліктің қатысуымен жол апаты жиіледі

17.07.2026, 10:00 46

Павлодар облысында жаз шыққалы мотокөліктің қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам көз жұмды.

Тағы ондаған адам түрлі дене жарақатын алды. Мотоцикл мінгендер неліктен апатқа жиі ұшырайды? Өңірдегі тілшіміз статистиканы саралап, себебіне үңіліп көрді

Қауіпті маневрдің соңы қайғылы жағдайға ұрындырады. Полицейлер ұсынған статистика өңірде мотокөліктердің қатысуымен болған апаттардың саны күрт артқанын көрсетті. Айналасы бір жарым айдың ішінде 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Абылайхан Алпысбай, ПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы:

- Мотокөліктердің қатысуымен болған оқиғаларды сараптай келе оның негізгі себептері анықталды. Ол ең алдымен, мас күйінде басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, қашықтықты сақтамау. Осының салдарынан ондаған адам зардап шекті.  

Тәжірибелі мототізгіншілер «Жолдағы оқиғалар адамның жүргізушілік өтіліне емес, тәртіпке байланысты» дейді. Қос дөңгелекті көлікті басқару оңай емес. Кейде тәжірибелі жүргізушілер де қателеседі. Сондықтан ресми мотоклубтарда жол қозғалысы ережелері мен мәдениетін оқытуға ерекше назар аударылады. Ең бастысы - көлікке отырған кез келген жүргізуші өзіне деген шамадан тыс сенімділік қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін түсінуі тиіс. 

Дамир Бакраденов, мотоклуб өкілі:

- Ең бірінші мәселе жастар тарапынан туындап отыр. Мотоциклге немесе скутерді алғаш тізгіндеген жүргізушілер ережені жиі бұзады. Соңы ауыр зардап әкелетінін біле тұра саналы түрде теріс әрекетке баратын ересектер де бар.

Мотокөлік мінгендер елемейтін тағы бір фактор – қарапайым қорғаныс құралдарының болмауы. Бұл тек жүргізушіге емес, сол көлікке мінген жолаушыларға да ортақ ереже. Яғни мотоциклге отырған жолаушы міндетті түрде қорғаныш шлемін киюі қажет. Осынау бір ғана әрекет сіздің өміріңізді сақтап қалуы мүмкін, дейді полицейлер.

Елдос Кәкенов, Валентина Леонова, Марат Игліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz