Бүгінде бала ойыншықтарының түр-түрі бар.
Алайда оның қайсысы пайдалы, қайсысы зиянды екенін көпшілік біле бермейді. Соңғы кездері әлеуметтік желіде сырты жылтыр, бірақ құрамы белгісіз «антистресс» тауарларынан зардап шеккен бүлдіршіндер туралы ақпарат жиіледі. Сөредегі арзан өнімнің астында қандай жасырын қатер жатыр?
Балабақша есігінен шыққан бүлдіршіннің алғашқы аялдамасы жол жиегіндегі ойыншық дүкені. Көздің жауын алатын, қолмен қыссаң пішіні өзгеретін тартымды дүниелер сөреде тізіліп тұр. Сәби үшін бұл қызықты ермек, ал ата-ана үшін үлкен уайымның басы. Кейіпкеріміз Ғазиза Тохтарбекова - екі баланың анасы. Ол күн сайын перзенттерінің көңілін аулап, қалаған затын алып беруге тырысады. Бірақ соңғы кездері нарықтағы тауарлардың сапасы көңіл көншітпейтінін айтады.
Ғазиза Тохтарбекова, қала тұрғыны:
- Балаларыма барынша сапалы ойыншық алуға тырысамын, бірақ балалардың жасы өскен сайын өздері қалаған ойыншықтарын алып, тіпті балабақшадан шыққан кезде кез келген дүкенге кіріп, қалаған ойыншығын алады. Шыны керек, сертификаттарға назар аударып қараймын деп айта алмаймын, бірақ барынша сапалы ойыншықтар алуға тырысамын.
Бұған дейін желіде жеті жасар қыздың «сквиш» ішіндегі сұйықтықтан ауыр химиялық зақым алғаны туралы бейнежазба жұртты дүрліктірген еді. Бұл оқиға қала тұрғыны Мақпал Орынбекті де бейжай қалдырмады. Ол да трендтегі ойыншықтың арты өкінішке әкеле жаздағанын айтады.
Мақпал Орынбек, қала тұрғыны:
- Балаларыма көбінесе сапалы ойыншықтар алуға тырысамын. Жаңағы қазір хит болып жатқан ойыншықтар бар ғой, анау... ішінде әртүрлі сұйықтықтары бар, соларды алмауға тырысамын. Сосын... бір ойыншық алсам да, сапалы ойыншық болу керек деп ойлаймын, өйткені қазір... неше түрлі химиялық ожог (күйік) алуы мүмкін балалар. Ойыншық деген балалардың ой-өрісіне, дамуына әсер ететін болғандықтан, оған қатты мән беру керек деп есептеймін ата-ана ретінде. Әрбір ойыншықтың сапасына, қандай материалдан жасалғанына, жаңағы шыққан жеріне оған мән беру қажет.
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
Сырты жылтыр, ұстағанға жұмсақ бұл антистресс ойыншықтары кез келген дүкенде толып тұр. Бір қарағанда қауіпсіз көрінгенімен, мұның ішінде не барын ешкім білмейді. Міне, мына жабысқақ сұйықтық пен қолқаны қабатын өткір иіс — нағыз химиялық қару. Мамандар мұндай сапасыз өнімдер бала ағзасына баяу әсер ететін у екенін ескертеді. Сондықтан ойыншықтың арзан бағасына емес, қауіпсіздігіне мән берген абзал.
Ата-ананың күдігі негізсіз емес. Арнайы зертханаға түскен жүздеген өнімнің қорытындысы жаға ұстатады. Мамандардың дерегі де көңіл көншітпейді.
Саламат Жанықұлова, зертхана маманы:
- Кез келген ойыншықтар, жаңағы антистресс болсын, кез келген ойыншық техникалық регламентке сәйкес жаңағы өзінің көрсеткіштері болады, жаңағы таңбалау, иісі, жаңағы фенол, формальдегид, ауыр металдар деген, соның ішінде көбінесе жаңағы таңбалауымен иісінен және де фенол, формальдегидтен өтпейді. Өйткені неше түрлі жаңағы бояғыштар, желімдер қосудың салдарынан өтпейді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегінше, сынамалардың 5 пайызында формальдегид, метил мен этил спирті, ацетальдегид сияқты улы заттардың мөлшері шектен тыс асып кеткен.
Рабиға Айтжанова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Нарыққа шығатын әрбір ойыншық Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сай болуы және міндетті түрде сәйкестік сертификатымен бірге жүруі тиіс. Алайда биыл мемлекеттік бақылау аясында 1059 ойыншық сынамасы зерттеліп, оның 605-і, яғни 57 пайызы талаптарға сәйкес келмеді. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 90 пайыздан астамы өнімді таңбалау талаптарының сақталмауынан болып отыр. Заң бойынша ақпарат тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде толық жетуі керек.
Әсіресе үш жасқа дейінгі сәбилер қоршаған ортаны ауыз қуысы арқылы таниды. Сондықтан қолына түскен затты бірден аузына апаруға бейім. Педиатрлар бұл әдеттің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін айтады. Сорақысы, сапасыз ойыншықтың салдарынан асқазан-ішек жолдарында ауыр қабыну процесі басталып, қауіпті инфекция дамиды.
Ақбота Жұмағазиева, жоғары санатты педиатр:
- Ойыншықтардың құрамындағы магниттер, химиялық улы заттар, пластик пен резеңке өте қауіпті. Мысалы, батареяны (әсіресе тиын тәрізді кішкентай дискілі батареяларды) жұтып қойған жағдайда өңеш пен асқазан химиялық күйікке ұшырайды. Ал магниттер асқазан-ішек жолына түскенде, бір-бірін тартып, ішектің әр бөлігін қысып қалады. Бұл ішектің перфорациясына алып келеді. Маңызды ескерту "Арзан ойыншық — қымбат ем". Ойыншық сатып алғанда міндетті түрде Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік сертификатын талап ету қажет.
Шекара асып, шектеусіз ағылып жатқан арзан тауарлар нарығы — біреулер үшін миллиардтаған пайда әкелетін бизнес қана. Олар үшін әрбір сатылған пластик тек қана табыс көрсеткіші. Ал біз үшін ше? Біз үшін - бұл перзентіміздің ертеңі, ұрпағымыздың саулығы.
Наргиз Бекмағанбетова Арман Ақшабаев
Тегтер #ойыншық #бала #сапа #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz