RU
Толық нұсқаға өту
Фото: akorda.kz

Қазақстандықтардың 86,9 пайызы Президентке сенім білдіреді – зерттеу

17.07.2026, 16:14 57

Қазақстандықтардың 86,9 пайызы Мемлекет басшысына сенім білдіреді. Бұл дерек Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтік зерттеулері барысында анықталды, деп хабарлайды «24KZ».

Институттың «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» және «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» атты зерттеулерінің нәтижелері «Sarap» сарапшылар клубының отырысында таныстырылды. Зерттеулерге жалпы саны 3 600 азамат қатысты.

Сауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың 84,1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы 70,4 пайызбен салыстырғанда жоғары.

Азаматтардың көңіл күйі де жақсарған. Респонденттердің 88,5 пайызы өз жағдайын жақсы немесе тұрақты деп бағаласа, өмірге қанағаттану деңгейі 85,8 пайызды құраған.

Сауалнамаға қатысқандардың 50,5 пайызы соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтқан. Ал алдағы бір жылда оң өзгерістер күтетіндердің үлесі 60,1 пайызға жеткен.

Жастар арасында да оң бағалау жоғары. 18-28 жас аралығындағы қазақстандықтардың 87,1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп есептейді. Жас респонденттердің 65,6 пайызы алдағы жылы өмір сапасы жақсарады деп күтеді.

Мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі де жоғары. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2026 жылдың II тоқсанында Президентке деген сенім көрсеткіші 86,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш барлық жас топтарында байқалады. Яғни, Мемлекет басшысына деген қоғамдық қолдау әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарды қамтиды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайындығы жоғары. «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеуіне қатысқан азаматтардың 75,1 пайызы сайлауға қатысуға ниетті екенін білдірген. Оның ішінде 37,6 пайызы сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтса, 37,5 пайызы қатысуы мүмкін екенін жеткізген.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси жүйесін дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz