Елдің оңтүстігінде аптап ыстықтың беті қайтар емес. Қызылорда облысында бір айдан бері сынап бағанасы 40 градустан түспей тұр.
Шілденің шіліңгір ыстығында дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер көбейді. Күн өту жағдайлары, жүрек-қан тамырлары ауруының асқынуы және ішек инфекциясы жиілеп кетті. Дәрігерлер мен құтқарушылар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып жатыр.
Қалада көлеңкенің өзінде ауа температурасы 40 градустан жоғары. Аптап ыстықта денсаулығы сыр бергендер көп. Соңғы бір аптада 11 мыңға жуық тұрғын медициналық көмекке жүгінген.
Бауыржан Төлеген, облыстық Жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері:
- Күннің қатты ысуына байланысты облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына шақыртулардың саны 7,5 пайызға асты. Оның ішінде әсіресе балаларға қатысты шақыртулар 27 пайыздан 30 пайызға өсіп отыр. Қазіргі таңда барлық бригадалар қызмет атқаруда. Қан қысымымен есепте тұратын науқастар, диспансерлік есепте тұратын және жүрек аурулары бар науқастар көптеп шақыруда күннің ысуына байланысты.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында да науқас көбейген. Қабылдау бөліміне тәулігіне 50 адам жеткізіледі. Әр үшінші науқасты стационарға жатқызады.
Әділбай Медетбаев, облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
- Ауруханада қазір ішек инфекциясына байланысты 3 отделение 40 койкадан 120 төсекті арнағанбыз. Қазіргі таңда осы 120 төсекте 140 адам жатыр. Жас айырмашылығына қарасақ, бізде 1 жастан асқан баладан 80 жастағы қарттарымыз да бар.
Өңірде төтенше жағдайлар қызметі қауіпсіздік шараларын күшейтті. Тұрғындарға ұялы телефон арқылы күн сайын хабарлама жолданады.
Айдын Жүсіпназар, облыстық ТЖД бас маманы:
- Қазіргі таңда Қызылорда облысында ауа-райының күрт ысуына байланысты тұрғындарға қатты ыстықта абай болу мақсатында жеке ұялы телефондарына тұрақты түрде хабарлама таратылуда. Қазіргі таңда күрт ысуына байланысты тұрғындардан қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды, тұрмыста және табиғат аясында демалу кезінде ашық отты пайдаланбауды, оларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз.
Синоптиктердің болжамынша, демалыс күндері өңірде ауа температурасы 44 градусқа дейін көтеріледі. Күннің ыстығы қатты сезілуі мүмкін. Аптаптың беті әзір қайтпайды,- дейді мамандар.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #аптап ыстық #ауруханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz