Іле Алатауында сел қаупі жоғары мореналық көлдер кешенді зерттеліп жатыр. Оған үш бірдей ұйымның мамандары тартылды.
Тау шыңындағы экспедиция Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасымен жүріп жатыр. Басты мақсат сел жүру қаупі бар көлдердің қазіргі жағдайын бағалап, бақылауда ұстау, - дейді мамандар. Зерттеу нәтижелері негізінде «Қазселденқорғау» мекемесі болжам жасап, төтенше жағдайдың алдын алу шараларын әзірлейді.
Зерттеу теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан номер №15 мореналық көлде жүргізіліп жатыр. Көлдің көлемі мен тереңдігі маңындағы мұздықтардың еру қарқынымен тікелей байланысты. Мамандардың айтуынша, биыл Солтүстік Тянь-Шандағы ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары. Сондықтан көлге мониторинг жаз мезгілінің соңына дейін жүргізіледі.
Әйгерім Қалыбекова, ҚР Ионосфера институтының ғылыми қызметкері
- Үш өлшемді модель арнайы бағдарламалық кешендердің көмегімен жасалады. Егер зерттелетін нысан үлкен болып, түсірілген суреттердің саны көп болса, деректерді өңдеу компьютердің қуаты мен бағдарламалық кешеннің жұмысына қарай 8-12 сағатқа дейін созылады. Соған қарамастан барлық мәліметті салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде өңдеуге болады.
Су айдынын зерттеу үшін ғалымдар әуе және суүсті дрондарын пайдаланады. Әуе дроны лазерлік сканердің көмегімен көл мен оның маңындағы жер бедерінің үш өлшемді моделін жасайды. Мамандардың сөзінше су көлемі-көлдің жарылу қаупін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі. Осы мәліметтердің негізінде табиғи бөгеттің беріктігі де зерттеледі.
Нұрмұхамбет Сыдық, ҚР Ионосфера институты Ғарыш және геоақпараттық технологиялар зертханасының меңгерушісі:
- Апачи-6 суүсті дроны мореналық көлдің су көлемін анықтау үшін қолданылады. Оған эхолот орнатылған. Құрылғы әр метр сайын көлдің тереңдігін өлшейді. Осы мәліметтердің негізінде айдын түбінің көптеген кескіндері жасалып, үш өлшемді моделі құрастырылады. Нәтижесінде су көлемі жоғары дәлдікпен есептеледі. Бұл мореналық көлдің жарылу қаупін бағалауда ескерілетін негізгі көрсеткіштердің бірі.
Тау басында жұмыс істеу оңай емес. Құбылмалы ауа райы мен ауа қысымы зерттеу жұмыстарын айтарлықтай қиындатады. Соған қарамастан ғалымдар барлық қажетті өлшеулерге қол жеткізді. Жиналған деректер алдағы уақытта Төтенше жағдайлар министрлігіне жолданады.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Іле Алатауы #ТЖМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz