RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда арықтар бетон плиталармен жабылып жатыр

17.07.2026, 22:00 58

Алматының кейбір көшелеріндегі арықтар мен суағарлардың беті бетон плиталармен жабылып жатыр. Мұндай шешім қала тұрғындарының көңілінен шықпай тұр.

Белсенділер петиция жариялап, қол жинауға кірісті. Олар жұмысты тоқтатып, бұған дейін жабылған арықтарды қайта қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Алматылықтардың пікірінше ашық  арықтар жауын-шашын суын ағызумен қатар, қаланың табиғи экожүйесінің бір бөлігі саналады. Олар жасыл желекті ылғалдандырып, жазда ауаның салқындауына ықпал етеді. Сондықтан арықтарды жабу қаланың экологиялық тепе-теңдігіне кері әсер етеді деп есептейді.

Татьяна Бегайкина, Алмалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Қаладағы арықтар бірнеше маңызды қызмет атқарады. Ол ең алдымен, қаланың мәдени кодының бір бөлігі. Кейбіреулер мұны қазір маңызды емес деп санауы мүмкін. Алайда менің ойымша, Алматы өзінің тарихи келбетін сақтап қалуы керек. Себебі бұл – еліміздің бет-бейнесі саналатын әсем қала.

Әкімдік өкілдері бұл қауіпсіздік үшін жасалып отырған шара,-дейді. Бұған дейін адамдардың арыққа құлағанын алға тартуда. Ал, тұрғындар мәселені қоршау мен жарықшамдарды көбейтіп те шешуге болатынын айтады.

Нұрмұхамбет Берікұлы, қала тұрғыны:

- Меніңше, бұл дұрыс емес, себебі қазір тротуардың арасы бір метр, қауіпсіз қашықтықта жүре алады. Ағып жатқан сулардың талдарға су барып жатыр ма, жоқ па соны бақылау жасай алмаймыз. Екіншіден, су ағатын болса буландыру процесі жүретін болады.

Ақбар Батыров, қала тұрғыны:

- Жароков көшесінде болып жатқан құрылыс мәселесі бойынша латоктардың үстерін жабу дұрыс емес деп ойлаймын. Ертең жаңбыр жауса оның астында қоқыс жиналғанын көре алмайсын.

Әкімдік қызметкері бұл бастама қауіпсіздіктен бөлек, жаяу жүргінші жолын кеңейтуге де көмектеседі деп отыр. Олардың айтуынша бетон плиталар барлық арықтарға емес, тұрғындар жиі жүретін әрі қауіпті учаскелерге ғана төселеді. Орта есеппен қаладағы арықтардың 15 пайызының ғана беті жабылады.

Абылай Жұмағазы, қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бас маманы:

- Қауіпсіздік талаптарына байланысты. Осы арықтарды жабу тағы да бір инфрақұрылымның пайда болуына мүмкіндік береді. Яғни біз арықтарды жабу арқылы бір жағынан қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз және вело инфрақұрылымды жасай аламыз. Веложол немесе жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын соның үстіне қоса аламыз.

Тұрғындардың өтінімі арнайы порталда жарияланған. Петиция белгіленген мөлшерде қол жинаған соң Экология және табиғи ресурстар министрлігіне және Алматы қаласының мәслихатына жолданады.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz