Жамбыл облысында жыл басынан бері құрылыс қалдықтарын заңсыз тастаудың 12 мыңнан аса дерегі тіркелді.
Сонымен қатар қоғамдық орындарды ластаған 1200-ден аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері әкімдік өкілдерімен рейд ұйымдастырып жатыр.
Бүгінгі рейд құрылыс жұмыстары қарқын алған Атакент шағын ауданында өтті. Мұндағы құрылыс қалдықтары қоқыс полигонына шығарылмаған. Соның салдарынан 50 тоннаға жуық қалдық жиналды. Полицейлер жердің иесін анықтап, ескерту жасады. Егер белгіленген мерзімде аумақ тазартылмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мамандар сондай-ақ абаттандыру қағидаларына енгізілген жаңа талаптарды түсіндірді. Енді қоқысты тек арнайы орындарға тастау керек. Көгалдар мен балалар алаңдарына көлік қоюға тыйым салынады. Үй жануарларынан қалған қалдықты жинап, құрылыс қалдықтарын тек рұқсат етілген орындарға шығару міндеттелген.
Төлеби Сайлаубай, қалалық ПБ бөлімше бастығы:
- Қазіргі таңда заң талаптарына енгізілген өзгерістерге сәйкес, барлық нысандар, соның ішінде тұрғын үйлер мен дүкендер өз аумақтарын 5 метрге дейін тазалауға міндетті. Осыған байланысты тұрғындар арасында күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоқыс тастау фактілерін анықтау бойынша әрбір қызметкерге бейнежетон бекітілген. Сонымен қатар Орталық басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы да бақылау жүргізіледі. Аталған құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік хаттама рәсімделіп, іс соттың қарауына жолданады.
Аймақта жыл басынан бері заңсыз пайда болған 417 қоқыс үйіндісі анықталып жойылды. Заңбұзушылықтар бейнебақылау камералары арқылы да тіркеліп жатыр.
Осы күнге дейін қоғамдық орындар 666 рет ластанып, абаттандыру қағидаларын бұзудың 11 мыңнан аса дерегі анықталды. Тәртіп бұзушыларға 19 миллионға жуық теңге айыппұл салынды.
Диас Әжіман Қалалық Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары:
- Жыл басынан бері 3 мыңға жуық қоқысты шығардық. 13 стихиялық қоқыс орындары табылып ол жерден біз қосымша 500 тоннадан аса бейберекет қоқыстар шығарылды. 15 күннің ішінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100-ден астам тұрғынға ескерту берілді. Ескерту беріп қана қоймай ол жердегі тазалығын ұйымдастырдық. Одан кейін 10 жеке және заңды тұлғаға айыппұл салдық.
«Мамандар мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасады», - дейді. Негізгі мақсат – айыппұл салу емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #Жамбыл облысы #Таза Қазақстан #Таңдаулы #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz