RU
Толық нұсқаға өту

Инчхонда халықаралық дрондар көрмесі өтті 

18.07.2026, 10:25 54

3D-принтерде дрон басып шығаратын, көкте ұшатын және суда жүзетін аппараттар. Осындай озық технологиялар Оңтүстік Кореяда өткен дрондар мен қалалық әуе көлігі көрмесінде таныстырылды.

Жалпы таңғы шық елі саланы қолдауды күшейтіп, бірнеше жылдан кейін әуе таксиін іске қосқалы тұр. Бұл – оңтүстіккореялық өндірушілер әзірлеген алғашқы әуе таксиі. Салмағы 950 келі болатын аппарат бес метр биіктікке дейін көтеріліп, үш минут ұшты. Сынақ сәтті өткенімен, Оңтүстік Кореяда жолаушылармен бірге қала ішінде ұшуға әзірге тыйым салынған. Аэротаксиді коммерциялық пайдалану бірнеше жылдан кейін басталады.

Ким Ги Хун, Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің қалалық әуе мобильділігі саясаты бөлімінің бастығы:

- Әуетаксиін коммерциялық мақсатта ұшыру үшін авиациялық қауіпсіздік ережелерімен бірге осы салаға қатысты заңнаманы жаңарту қажет. Өйткені 2 жыл бұрын қабылданған әуе мобильділігі туралы заң әуетаксидің тәжірибелік сынақтарын  реттейді. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Көрмеде Кореяның Көлік министрлігі аэротаксиге арналған әуежайды көрсетті. Келушілерге онымен виртуалды ұшу мүмкіндігі берілді. Қазір дрондар орман өртін бақылау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүк тасымалдау үшін белсенді қолданылады.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяның басты әуежайында «дронға қарсы жүйе» 5 жыл бұрын іске қосылған. Ол әуежайдан шамамен 9 шақырымға дейін жерде ұшқан кез келген дронды бірден анықтайды. Осыдан кейін оны тоқтату үшін жергілікті билік пен әскерилерге ұшқышсыз аппараттың жабық аумаққа кіргені туралы хабарлайды. Тіпті ұшуға рұқсат берілген дрондардың өзін, егер олар тыйым салынған биіктікке көтерілсе, ұстауы мүмкін. Былтыр осылай ережені бұзған 10 дронды ұстады.

Ал мынау – өрт сөндіруге арналған дрон. Оның ерекшелігі 200 градус Цельсийге дейінгі ыстыққа төзімді корпусында. Айта кету керек, бүгінде Кореяда дрондар арал тұрғындарына тамақ пен  сәлемдеме жеткізу үшін де кеңінен қолданылады.  

Чой Сон Ин, дрон өндіруші компанияның бөлім директоры:

- Кореяда орман өрттерін тікұшақтар сөндіреді. Алайда түнде немесе жел тұрып, жаңбыр нөсерлеткенде олардың ұшуы қауіпті. Осындай жағдайларда біздің дрон өте қолайлы болуы мүмкін.

Оңтүстік Кореяда келесі жылдан бастап әуе таксилерін басқаратын ұшқыштар мен техникалық қызмет көрсету мамандарын даярлау басталады. Ал әуе таксилері 2028 жылы қолданысқа енгізілмек. Бастапқыда олар әуежайдан қала орталығына немесе көлікпен қатынау қиын саналатын шалғай аудандар сияқты белгілі бір туристік бағыттар бойынша ұшады. Ал толық ұшқышсыз режимге көшу  2035 жылға жоспарланған.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz