RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу шаруалары мал азығын дайындауға кірісті

18.07.2026, 19:00 38

Жетісу облысының шаруалары мал азығын дайындауға қызу кірісті.

Төрт түлік қыстан қысылмай шығу үшін, 2 миллион 450 мың тонна жем-шөп әзірлеу қажет. Алғашқы орақ аяқталғанымен, құрғақшылық пен жауын-шашынның аздығы диқандарды алаңдатып отыр.

Жас фермер Райымбек Нүсіпхан үшін биылғы маусым оңай болған жоқ. Көктемде ауа райы жиі құбылып, жауын-шашын аз түсті. Салдарынан көп жылдық эспарцет өсімдігінің шығымы екі есе төмендеп кетті. Бұрын бір айналымнан 70 бума шөп жиналса, биыл қырыққа да жетпейді. Бұл екі үйір жылқы мен жүзге жуық ірі қара үшін аздық етеді, дейді ол.

Райымбек Нүсіпхан, шаруа:

- Алдыңғы жылғыдан қарағанда шөп осы жылы нашар, құрғақшыл. Мысалы, бір загоннан былтыр 70 рулон шықса, қазір 40-30 рулон ғана шығып жатыр. Өткен жылы 400 рулон жинағанбыз, осы жылы 300 жинадық.

Қиындықтарға қарамастан, жалпы Сарқан ауданында жағдай тұрақты. Мұнда 40 мың гектар алқапта 700-ден астам шаруашылық мал азығын дайындап жатыр. Ауданда жоспар бойынша 280 мың тонна жемшөп әзірленуі тиіс. Далалықта шөп сирек шыққанымен, тау бөктерінде жасыл мол. Аудан әкімдігі биылғы көрсеткіш былтырғыдан жоғары болады деп отыр.

Ғазиз Есжанов, аудан әкімінің орынбасары:

- Биыл 281 мың тонна жоспарлап отырмыз. Енді былтырдан қарағанда көбірек жинап, молынан болсын деген мақсатпен. Бізде егістікпен айналасатын 1000-нан артық шаруа жорықтарымыз бар. Ол егістікпен де, малдармен де айналысады.

Жетісу облысында биыл мал азығы дақылдарына 100 мың гектардан астам жер бөлінді. Алғашқы орақ кезінде 900 мың тоннаға жуық шөп дайындалды.

Мұрат Тілеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:

- Жалпы осы егіс алқабынан ағымдағы жылы 26-27 жылдарға мал қыстату кезеңіне 2 млн 450 мың тонна мал азыңын жинаймыз деге жоспарымыз бар. Оның ішіне айта кететін болсақ, 1 млн 442 мың тонна шөп, 210 мың тонна сүрлем, 130 мың тонна пішімдеме, 350 мың тонна сабан, 317 мың тонна құрама жинаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Қазір өңірде екінші орақ басталды. Шаруалар әрбір қолайлы күнді пайдалануға тырысып жатыр. Жалпы облыста мал басын сақтап, көбейту үшін 2 миллион 450 мың тонна жем-шөп дайындалуы қажет.

Карина Хаберова, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz