RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да шетелдік көкөніс түрлері өсіріледі

19.07.2026, 08:30 119

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының шетелдік сұрыптарын жерсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Қазір өңірдегі 7 алқапта көкөністермен қатар дәнді және майлы дақылдар, жем-шөп түрлері мен бұршақ тұқымдас өсімдіктердің жергілікті климатқа қалай бейімделетіні зерттелуде. Тұқым түрлері Қытай, Нидерланды, Сербия, АҚШ, Украина, Чехия және Швейцариядан әкелінеді. Мамандар биылғы жетістік жаман емес дейді. Қант қызылшасының франциялық сорты солтүстік аймақта жақсы өсетіні дәлелденді.

Көкөніс өсіретін тәжірибелік алқаптардың бірі Петропавлға жақын маңда орналасқан. Мұнда қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз және қызылшаның 57 түрі өсіріледі. Бұдан бөлек картоптың Қытай, Нидерланды және Ресейден әкелінген 20-ға жуық сұрыпы бар.  Қолайлы ауа-райы өсімдіктердің дамуын екі аптаға жеделдетті. Дегенмен, қорытынды жасауға әлі ерте. Мамандар жаңа сұрыптардың өнімділігі мен төзімділігін кемінде екі маусым бақылауымыз қажет дейді. 

Алмат Қасенов, Қызылжар мемлекеттік көкөніс сорттарын сынау учаскесінің басшысы:

- Картоп сұрыптарын түрлі ауруларға, зиянкестерге төзімділігін сынап жатырмыз. Өзге елдерден әкелінген бұл сұрыптар өнімділігі бойынша біздің көлемнен  асып түседі.

Сынақ кезінде мамандар өсімдіктердің өнімділігімен қатар жергілікті климатқа төзімділігін бағамдайды. Бұл фермерлерге ең өнімді сорттарды таңдауға және заманауи селекциялық әзірлемелерді енгізуге көмектеседі.  Сынақтар өңірдің әртүрлі климаттық аймақтарында орналасқан жеті учаскеде жүргізіледі. 

Ермек Мұстафин, Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия филиалының басшысы

 – Биыл 520 сорт түсті. Біздің сорттық учаскелеріміз астық түрлерін, майлы дақылдарды, жемшөп, техникалық дақылдарды сынақтан өткізеді. Көкөніс сорттары негізінен Ресей Федерациясынан және Швейцария, Нидерланды, Чехия, Сербия секілді Еуропа елдерінен жеткізіледі. 

Биыл өңірде алғаш рет француз селекциясындағы қант қызылшасының 15 сорты егілді. Өнім өзінің жоғары сапасымен және климатқа бейімділігін дәлелдеді. Сонымен қатар, аймақта картоп түрлерін сынақтан өткізетін алқап ұлғайды. Жыл басынан бері тұқымдық картопты сатып алу үшін 37 миллион теңге көлемінде субсидияға өтінім берілді.

Әсем Нұғыманова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Солтүстік Қазақстан облысында қияр, қызанақ, картоп, асхана қызылшасы сияқты негізгі көкөніс дақылдары өсіріледі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамту үшін жыл сайын әртараптандыру жүргізіледі. Мәселен, биыл көкөніс алқабының ауданы 1,4 мың, картоп өсіретін аумақ 8,6 мың гектарга жетті.

Өңірде көкөніс шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Фермерлерге тұқым мен түрлі минералды тыңайтқыштарды сатып алуға және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мемлекет қолдау жасап отыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz