Шығыс Қазақстан облысында құрылысы 10 жыл бұрын басталған Тереңсай асуындағы айналма жол биыл қолданысқа беріледі.
Қазір тау арасындағы өзен үстінен өткел салынып жатыр. Дегенмен, мердігерді қаржы мәселесі алаңдатып отыр.
Тереңсай асуындағы қауіпті серпантинді айналатын бұл жаңа жолдың құрылысы 10 жыл бұрын басталған. Осы кезеңде бірнеше мердігер ауысып, қағазбастылық көбейді. Жұмыс тоқтады. Ақыры маңызды жоба 2023 жылы қайта қолға алынды. Қазір тау арасындағы ең биік көпір салынып жатыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Тау арасындағы ең биік көпірді салу мамандарға оңайға тиіп жатқан жоқ, құрылысшылар осындай құз жартастың ортасында еңбек етуге мәжбүр. Бұл жерде қазір күн ысып тұрғанымен әп сәтте жел соғып, нөсерлетіп кетуі де мүмкін. Бірақ та ең қиыны бұл емес, ең қиыны осындай күрделі жер бедеріне ауыр техниканы орналастыру. Мұндағы әрбір көлікке арнайы алаңқай әзірленген. Өйткені бастысы, жұмысшылардың қауіпсіздігі.
Қазір көпірдегі жұмыстардың 65 проценті еңсерілді. Әр материалдың сапасына мән берілген. Дегенмен, мердігер ұйымды қаржы мәселесі алаңдатып отыр.
Нұрбек Тұраров, мердігер компания өкілі:
- 9,9 миллиард теңге келісім құны болса соның жыл басынан бері жұмысты бастауға 900 миллион теңгесі бөлінді. Бүгінгі таңда толыққанды бұл қаражат толығымен игерілді. Әрі қарай қаржы мәселесі бүгінгі таңда шешім тапқан жоқ. Жалпы бұл нысанның Шығыс Қазақстан облысында стратегиялық маңызы зор.
Тапсырыс беруші тарап бұл мәселе жуық арада шешіледі, деп сендірді.
Алмас Қасенов, “Қазавтожол” ҰК” ОФ директорының орынбасары:
- 9 миллиард теңгені қазіргі кезде Үкімет басшысының тапсырмасымен қаржы министрлігі қарастыруда. Осы жуық арада шешім табады деп ойлап отырмыз.
Әзірге мердігер компания жұмыстарды өз қаражатына атқарып, құрылыс кезінде бұған дейін жіберілген кемшіліктерді жөндеуде.
Айдос Қабылбаев, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” ОФ инженері:
- Сынама алу барысында қиыршық тасты қабаттан біршама сынама стандартқа сай болмай, өтпей қалды. Сол себепті мердігер бұл қабатты 22 мың шаршы метр көлемінде қайта қырып алды. Сынамаға сай келмеген жерді қайта төсейтін болады осы аумақты.
Сонымен қаржыландыру мәселесі уақтылы шешілсе, жол жыл соңына дейін ашылады. Демек, Алтай, Үлкен Нарын, Қатон-Қарағай сияқты үш бірдей туристік ауданға жету жеңілдейді.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #ШҚО #тау #жол құрылысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz