RU
Толық нұсқаға өту

Алматы – Қаскелең жолы 8 жолақты болады

20.07.2026, 21:00 132

Халықаралық маңызы бар «Алматы–Бішкек» автожолының Алматы–Қаскелең учаскесі 8 жолаққа дейін кеңейтіліп жатыр. Бұл бағытта тәулігіне мыңдаған көлік қатынайды.

Кептелісті азайтып, қозғалысты жеңілдету үшін,  жолды кеңейту туралы шешім қабылданған еді.  Маңызды жоба Президенттің  заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. 

Күрежолдың «Алматы–Қаскелең» бағытымен тәулігіне 70 мыңға жуық көлік жүреді. Ауданнан қалаға күнделікті қатынайтындар көп.  Соңғы жылдары төрт жолақты жол тарлық етіп, қозғалыс қиындады. Кептеліс те, жол апаты да жиі болатын.    

Бақытнұр Бақытұлы, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

- Соңғы жылдары халық санының өсуі, өндіріс пен бизнестің дамуы және тұрғын-үй массивтерінің салынуы көлік инфрақұрылымына түсетін жүктемені айтарлықтай арттырды. Алдағы 10 жылда Алматы маңындағы аумақтардың белсенді дамуын ескере отырып, көлік ағынының қарқыны тәулігіне 100 мыңнан астам көлікке артуы болжануда.

Осыған байланысты жоба аясында автожол 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейтіледі. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң,  жол үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ететін,  жалпы қалалық маңызы бар магистраль болады. Сонымен қатар газ, су құбыры, электрмен жабдықтау және талшықты-оптикалық байланыс желілері қайта көшіріледі.

Дархан Иманашев, «Qazavtojol» ҰҚ» Төрағасы:

- Алтын орда базарынан Қаскелең қиылысына дейін толық жетеді. Жоба аясында арнайы 2 жолайрық және 9 адам өту көпірлері болады, яғни жаяу жүргіншілерге арналады. Жоспар бойынша егер жер мәселесі шешіліп жатса, біз жылдың соңына дейін қозғалысты ашуға жоспарлап отырмыз.

Мамандардың айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты екі есе қысқарады. Сондай-ақ жол қозғалысының қауіпсіздігі күшейіп, жергілікті және транзиттік көлік үшін қолайлы жағдай жасалады.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz