Ақмола облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында су айдындарының жағасын тазартуға бағытталған ауқымды шара өтті.
Еріктілер Целиноград ауданында, сондай-ақ Қосшы қаласындағы өзен-көлдердің маңын қоқыстан тазартты. Экологиялық акция өткен алаңдардың ең ауқымдысы - Аршалы ауданындағы Астана су қоймасының аумағы болды. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та қатысты. 150-ге тарта волонтер бұл маңайдан 237 текше метр қоқыс жинады.
Елорданы үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етіп отырған – Астана су қоймасы. Суға шомылуға, жағада демалуға рұқсат етілмегеніне қарамастан, мұнда келетін халықтың қарасы қалың секілді. Біра ғана Аршалы ауданында осындай тәртіпті бұзғандарға қатысты 400-ден астам хаттама толтырылған. Бүгін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов су қоймасы маңындағы жағдаймен жеке танысып, жергілікті атқамінерлерге рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Жүгенсіздік болмау керек. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты Конституциямыздың преамбуласында көрсетілген. Әрбір адам заңды сыйлау, құрметтеу керек. Бүкіл Астана осы жерден су ішеді. Сондықтан осы жерге келіп, ластауға ешкім оларға құқық берген жоқ.
Ал табиғат аясында демалып, су қоймасының маңын қоқыс алаңына айналдырып кеткен жандардың артынан бүгін бір топ еріктілер келіп жинады. Қоршаған ортаға бейжай қарамайтын жастар «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында қолдарына қапшық алып, аумақта шашылған қоқыстан жылдам тазартып шықты.
Дидар Хамзин, Ақмола облысы волонтерлерді қолдау орталығы фронт-кеңсесінің басшысы:
- Қазір 150-ден астам волонтер тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде мектеп оқушылары, волонтерлік орталықтар, студенттер және осы ауылдың аймағындағы тұрақты тұрғындар ерікті ретінде акцияға қатысуда. Ең басты проблема – біз тазартып кеткен аймақтарда кейбір тұрғындар, білместіктен деп өзіміз санаймыз, дәл сол жерді қоқысқа айналыдырып отырады.
Жалпы айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында бүгін Ақмола облысының еріктілері өңірдің барлық аудандарында осындай игі шара ұйымдастырып, табиғатты қоқыстан тазартып шықты. Бұндай бастама алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді жастар.
Авторлары: Риат Шони, Арман Ақшабаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақмола облысы #Таза Қазақстан #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz