RU
Толық нұсқаға өту

Әлемдегі жол құрылысы климатқа сай шешімдермен салынады

21.07.2026, 07:41 78

Климат жағдайы әр мемлекетте әртүрлі болғандықтан, жол салу тәсілі де өзгеше. 

Аптап ыстық, саршұнақ аяз, жер сілкінісі табиғаттың әр сынағына инженерлер түрлі шешім іздейді. Кей елдерде асфальттың ыстыққа төзімділігі маңызды болса, енді бірінде жолдар мұз үстімен өтуге бейімделеді. Ал сейсмикалық белсенді аймақтарда инженерлер құрылыстың беріктігін арттыруға күш салады. 

Жапония әлемдегі ең сейсмикалық белсенді аймақтардың бірінде орналасқан. Сондықтан мұнда жолдар мен көпірлер жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп салынады. Көпірлерге арнайы тіректер мен жердің дүмпуін әлсірететін құрылғылар орнатылады. Соның арқасында жер сілкінісі кезінде көпірдің зақымдану қаупі азаяды. Мұның айқын мысалы – Акаси-Кайкё көпірі. 1995 жылғы Кобе жер сілкінісінен кейін оның жобасы қайта қаралып, қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Бүгінде бұл әлемдегі ең берік аспалы көпірлердің бірі саналады. Бұдан бөлек, елдегі жолдар мен көпірлердің жағдайы тұрақты бақылауда болады. Арнайы датчиктер олардың жай-күйін үздіксіз бақылап, ақау анықталған жағдайда жөндеу жұмыстары алдын ала жүргізіледі. Бұл табиғи апаттан кейін көлік қозғалысын қысқа мерзімде қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Ал шөлді аймақтарда басты мәселе аптап ыстық. Біріккен Араб Әмірліктерінде жаз айларында ауа температурасы +50 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай жағдайда асфальт жұмсарып, ауыр көліктердің салмағынан жол бетінде ойықтар пайда болуы мүмкін. Сондықтан елде жоғары температураға төзімді арнайы асфальт қоспалары қолданылады. Полимер қосылған битум жол жабынының беріктігін арттырып, деформацияға төтеп беруге мүмкіндік береді. Бұл жолдың қызмет ету мерзімін ұзартқанымен, арнайы материалдардың бағасы жоғары. Сондықтан мұндай жолдарды салу мен күтіп ұстауға да едәуір қаржы жұмсалады.

Канаданың солтүстік өңірлерінде қыс мезгілінде жолдар мұздың үстіне салынады. Көлдер мен өзендер толық қатқан кезде олардың беті уақытша көлік жолына айналады. Бұл бағыттар арқылы шалғай елді мекендерге азық-түлік, жанармай, құрылыс материалдары және басқа да қажетті жүктер жеткізіледі. Жол пайдалануға берілер алдында мамандар мұздың қалыңдығы мен беріктігін бірнеше рет тексереді. Алайда мұндай жолдар тек қысқа мерзімге ғана жарамды. Көктемде мұз еріген соң қозғалыс тоқтайды. Дегенмен кейінгі жылдары ауа температурасының көтерілуі мұз жолдарының жұмыс мерзімін қысқартып, жүк тасымалын қиындатып отыр. 

Авторы: Динара Қуандыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz