Батыс Қазақстан облысында дала және орман өрттері ғарыштан мониторинг жасау арқылы қадағаланады.
Ал табиғат аясында от жағып, қауіпсіздік талаптарын бұзғандар дрондар көмегімен анықталады. Тек жыл басынан бері ережені елемеген 415 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Біз қазір Орал қаласындағы, Орал емес-ау еліміздегі ең ежелгі өрт сөндіру бөліміндеміз. 1865 жылы салынған биіктігі 30 метрлік осы мұнарадан мамандар кезінде қаланы күндіз-түні кірпік қақпай күзеткен. Қай жерден қою түтін шықса, сол жерге өрт сөндірушілер ат-арбамен бөшкелерін салдырлатып жедел жеткен. Бүгінде мұнара өзінің тарихи миссиясын толық орындады. Өткен ғасырдың 60 жылдары телефон шығуымен мұнараға қажеттілік жойылды. Тіпті қазір қаланың айналасындағы орман-тоғайлар дрондармен бақыланады.
«Орман өртінің 90% астамы табиғат аясында демалушылардың кінәсінен болады», - дейді мамандар. Біреулері алауды өшіруді абайсызда ұмытса, кейде кенеттен құйын тұрып ұшқыннан өрт шығып жатады. Сол себепті тек орман қоры аумағында емес, өзен бойы мен далалық жерде де от жағуға тыйым салынған. Дегенмен ережені елемейтіндер де бар. Олар дрондардың көмегімен қолға түседі. Ұшу аппараттары қыран қанаты талар биіктіктен түтінді бірден көреді. Бұл жолы да тоғайда тығылып от жаққан кезекті тәртіп бұзушылар анықталды.
Сұлтан Тыныштық, қала тұрғыны:
- Қазір ормандарда, судың жанында көп от жағып, демалуға, суға түсуге болмайды. Соны ескертті. Біз білген жоқпыз. Жаңа бізге айтқан соң, соны біліп жатырмыз. Келесіде қайталанбайды, кешірім сұраймыз!
Биыл өңірде өрт қауіпсіздігі қағидаттарына қатысты мобильді топтармен 766 рейдтік іс-шара өткізіліп, 415 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 2 млн теңгедей әкімшілік айыппұл салынды.
Елдос Батталов, ТЖД бастығының орынбасары:
- Демалыс күндері ауа температурасы 37–38 градусқа дейін көтеріледі. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарынан өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарды анықтау үшін дрондар қолданылады. Егер дрон арқылы қандай да бір жерден түтін байқалса, сол жерге біздің қызметкерлер дереу жіберіледі. Қазіргі таңда бұл мақсатта 13 дрон пайдаланылып отыр.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа технологиялармен орманшылар да қамтылған. Мысалы, 30 метр биіктікке қойылған арнайы камералар 20 шақырым қашықтағы жылу мен түтінді автоматты түрде танып, дабыл қағады.
Қайрат Есенғалиев, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:
- Орман өрттерін ерте анықтау мақсатында қазіргі таңда екі жаңа камера орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл камералар орман өрттерін дер кезінде анықтап, оларды жедел сөндіруге үлкен көмегін тигізіп отыр. Сонымен қатар, мекемеміздің өз қаражаты есебінен тағы үш камера орнатылды. Олар Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округі маңында, Орал қаласында және Көшім орман бөлімшесі орналасқан Көшім ауылдық округінің аумағында орналастырылған.
Дала және орман өрттері жер серігі арқылы ғарыштан мониторинг жасау арқылы да анықталады. Ал жалпы биыл облыста 5 гектар аумақта орман өртенсе, 430 гектардай жайылым жер жанып кеткен.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #орман өрті #дронPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz