Биыл 500-ге жуық адам ішек инфекциясымен ауруханаға жатқызылса, оның басым бөлігі шілде айында сырқаттанған. Дәрігерлер тез бұзылатын тағам өнімдерін сақтау ережесіне мұқият болуды ескертеді.
Жедел жәрдем қызметіне ішек инфекциясы белгісімен хабарласушылар көбейді. Медициналық бригадалар тәулігіне 2 мыңнан астам шақыртуға барса, әр оныншы адамға осындай диагноз қойылған.
Арман Бақтыбаев, қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім басшысы:
- Негізінен жазғы маусымда шақыртулар саны 2500-ден жоғары болады. Бұл кезеңде іш өту, құсу сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жеміс-жидектерді тұтынар алдында міндетті түрде жуып жеу қажеттігін насихаттасақ, мұндай шақыртулардың саны азаяр еді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тағамның сапасы мен оны сақтау ережесіне мән беру керек деп отыр. Себебі аптап ыстықта азық-түлік өнімдері тез бұзылып, ауыр ішек ауруларына себеп болады. Тек шілде айында 280 адам ауруханаға жатқызылған.
Жұлдыз Райымқұл, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
- Бүгінгі таңда бес және одан да көп науқастар бізде тіркелген жоқ. Яғни бізге ондай шұғыл хабарлама келген жоқ. Уланудың алдын алу мақсатында біз тұрғындарға сатып алатын сауда орындарынан, базарлардан, кез келген нүктелерден таксикологиялық зертханадан өткені туралы сараптаманың қорытындысын талап ете аласыздар.
Ал көшеде саудаланған өнімдердің сапасына қатысты құзырлы органдарға ешқандай арыз-шағым түспеген. Қазір қауын мен қарбыздың саудасы қызған шақ. Бұл өнімнің құрамында химиялық заттың мөлшері жоғары болады.
Алуа Төлепберген, қала тұрғыны:
- Бізде күнде 3-4 қауын, қарбыздан әкеліп тұрады ағамыз. Күн ыстықта қатты керек. Шөлімізді қандырады.
Баймұрат Мәжиев, сатушы:
- Қарбыз бен қауынды жеуге болады. Халық тарапынан ешқандай шағым жоқ. Қазіргі өнімдер дәрісіз, тыңайтқышсыз өсірілген. Бұл өнімдерді тұтынатын уақыттың аяқталуына небәрі екі ай ғана қалды. Бағасын да алқаптағы бағамен ұсынып жатырмыз. Қарбыздың келісі 100-150 теңгеден сатылуда. Сауда жақсы жүріп жатыр, сұраныс жоғары. Бағасы қарапайым халыққа қолжетімді. Тіпті қарбыз алғандарға қауынды тегін беріп жатырмыз.
Бақша дақылдарының сапасын базар әкімшілігі тұрақты түрде тексереді. Қарбыз не қауын сатып алған кез келген адам өнімдердің құрамын тексеру мақсатында мамандарға жүгіне алады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #бақша #өнім #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz