Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында тұратын тұрғындардың көп жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі шешілуі мүмкін.
Облыстық табиғат қорғау прокуратурасы зауыттың санитарлық-қорғаныш аймағына тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Соның нәтижесінде кәсіпорынның санитарлық-қорғаныш аймағын кеңейту жөніндегі жоба әзірленді. Құжат тиісті органдар тарапынан бекітілген жағдайда, санитарлық аймаққа енетін кейбір тұрғын үйлер мемлекет мұқтаждығы үшін алынып, олардың иелеріне заң талаптарына сәйкес өтемақы төлеу немесе өзге тұрғын үй беру мәселесі қарастырылады.
Зауыттан шығатын зиянды шығарындылар мен қолқаны қабатын жағымсыз иіске шағымданған тұрғындар бірнеше жылдан бері көшіруді талап етіп жүр. Осыған байланысты облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы талдау жүргізіп, нәтижесінде заң талаптарының сақталмағанын анықтады.
Мирас Жалмұрзин, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:
- Табиғат қорғау прокуратурасы АМӨЗ-дің санитарлық-қорғаныш аймағына қатысты талдау жүргізіп, бірнеше заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, бұрын бекітілген шекаралық аймаққа жақын маңда орналасқан тұрғын үйлер енгізілмегені белгілі болды. Қадағалау актісі енгізіліп, жаңа жоба жасақталды. Ал жаңа санитарлық-қорғаныш аймағына жаңадан мекенжайлар енгізілді.
Былтыр республикалық «Атмосфералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» санитарлық-қорғаныш аймағының нақты шекарасын анықтау үшін кешенді зерттеу жүргізді. Жаңа жоба сол зерттеу нәтижесі бойынша әзірленген.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Ғылыми-зерттеу орталығының мамандары осы аумақта жылдың төрт мезгіліндегі желдің бағытын, өндірістік шығарындылардың таралуы мен олардың қоршаған ортаға әсерін зерделеді. Соның нәтижесінде санитарлық-қорғаныш аймағын шамамен 25–30 гектарға кеңейту ұсынылған.
Арман Димұқашев, "АМӨЗ" ЖШС Еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаменті директорының м.а.:
- Біз топографиялық түсірілімнің соңғы кезеңін аяқтап жатырмыз. Жақын арада жобаны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне келісуге ұсынамыз. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауыты тұрғындарды көшіру жұмысын жеделдету үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жобаға келісім бергеннен кейін құжаттар қалалық әкімдікке жолданады. Бұдан кейін санитариялық-қорғаныш аймағына кіретін нысандарға қатысты рәсімдер басталады.
Ғасырбек Төлеген, қалалық әкімдіктің ресми өкілі:
- Нақты мекен-жайлар анықталғаннан кейін барлық процестік жұмыстарды Атырау қаласы әкімдігі жүргізеді. Тұрғындарға уведомление беру жұмыстары, ескерту жұмыстары, жалпы құжаттама, сопровождение, дейді ғой сол жұмыстардың барлығын Атырау қаласы әкімдігі жүргізетін болады. Кейін ҚР Жер кодексінің талаптарын сақтай отыра, анықталған санитарлық-қорғау аймақтарынан анықталған нысандар мемлекет мұқтаждығына алынатын болады.
Мемлекет мұқтаждығына алынатын тұрғын үйлер нақтыланғаннан кейін тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің нарықтағы құны анықталып, өтемақы төлеу жұмыстары заң талабына сай жүзеге асырылады.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау #зауыт #үйлер #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz