Ұлытау облысында 60 шақырымға жуық жылу құбыры мен мың километр электр желісі жөнделеді.
Бұдан бөлек Жезқазған мен Сәтбаев қаласындағы жылу орталықтарында негізгі жабдықтар жаңарады. Өңірде қазір жылу беру маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға облыс қазынасы мен тартылған инвестицияны қоса алғанда 27 млрд теңге бөлінді.
Жезқазған жылу электр орталығында өткен маусымда отыздан астам екінші деңгейлі технологиялық ақау тіркелді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге төмен. Кәсіпорын директоры қазір осы көрсеткішті одан әрі жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Қазір мұнда 5 қазандық пен 4 турбоагрегат ағымдық жөндеуден өтуде.
Марғұлан Тайланбаев, Жезқазған ЖЭО директоры:
- Жылу маусымына дайындық жұмыстарына кәсіпорынның өз қаржысынан 4,4 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек 12,8 млрд инвестиция тартылды. Қазіргі таңда 3 қазандықта ағымдық жөндеу және №11 турбоагрегатты күрделі жөндеу аяқталды. Кәсіпорынның жылу маусымына дайындығы қазір 65 процентке орындалды.
Кәсіпорын жылыту маусымына 5 қазандықпен түседі. Тағы екеуі резервте тұрады. 5 қазандықтың күші қаланы жылытуға жеткілікті дейді мамандар. Ең бастысы орталықтан шыққан жылуды тұтынушыларға шашау шығармай жеткізу жағын күшейту қажет. Бұл ретте биыл Жезқазған мен Сәтбаев қаласында 57 шақырым құбыр жаңартылады.
Мақпал Әшенова, Жезқазған қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі
- Жезқазғанда жылу беру маусымына дайындық аясында кварталдық желілерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба шеңберінде жылпы ұзындығы 17,2 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Қазір 6 учаскеде жөндеу жүргізілуде. Алдыңғы жылы қыста апатты жағдай көп орын алған, шағым көп түскен учаскелерді таңдап алдық.
Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, өңірдегі мың жарымға жуық көпқабатты тұрғын үйдің үштен бірі жылу маусымына дайын. Қысқы мезгілде тұрғындарды жарықпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін мың шақырымнан астам электр желісі мен 270 қосалқы станция жөнделеді. Жалпы биыл тартылған инвестициямен қоса есептегенде жылу беру маусымына әзірлік жұмыстарына 27 млрд теңге жұмсалды.
Алмаз Жандарбеков, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- 4 котелный бар бізде. Қалғандары АСО дейді, пештер ғой. Негізінен ауылдардағы мәдениет үйінде орналасқан пештер кішкентай от жағатын. Спорт мекемелерінде орналасқан пештер бар көмірмен жанатын. 100-ден астам осындай жылу беретін қазандықтар бар. Олардың барлығында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. тамыздың соңында барлығын аяқтаймыз.
Жезқазған мен Сәтбаевтағы жылу беретін ірі орталықтарда қазірдің өзінде отынның бір айға жететін қоры жасақталған. Ал әлеуметтік мекемелерге көмір тасымалдау жұмыстары тамызда басталады. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурстары жүріп жатыр.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Нұрбол Үздікбаев
Тегтер #Ұлытау облысы #шақырым #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz