Жыл басынан бері елордадағы Нұра ауданы бойынша қоғамдық тамақтану орнында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 1 нысан анықталды.
Сәйкесінше кәсіп иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Қазір жауапты мамандар қызыл жалынның алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды қолға алған.
Жаз мезгіліндегі ауа райына байланысты өрт қаупі артады. Бұл күндері әсіресе азаматтардың көп шоғырланатын орындарында абай болған жөн, дейді мамандар. Бүгін қауіпсіздікті сақтау мақсатында Астанадағы Нұра ауданы әкімдігі Полиция және Төтенше жағдайлар басқармаларымен бірігіп, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында қызыл жалынға қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Айжан Ақай, Нұра ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Қазір Астана қаласы, оның ішінде Нұра ауданында тұрғындар санының көбеюіне байланысты қоғамдық орындардың да саны көбеюде. Аудан аумағында 250-ден астам қоғамдық тамақтану орыны бар. Өрттің алдын алу үшін, тұрғындар қауіпсіздігі үшін осындай түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
Бұл күндері орман-дала өрттерінің алдын алу үшін табиғат аясында от жақпау, балаларды қараусыз қалдырмау маңызды. Ал қала аумағындағы қоғамдық орындарда газ баллондарды ерекше бақылауға алған жөн. Себебі аптап ыстық болса, баллонның қысымы артып, жарылу қаупі жоғарылайды. Қызыл жалын шарпыса, нысан ішіндегі азаматтардың өміріне зиян келуі мүмкін. Сондықтан әрбір тамақтану нүктесі өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуға тиіс.
Абай Қабыкенов, Нұра ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:
- Бұл нысандарда қауіпсіздік жүйелері, өрт дабыл жүйесі, өрт сөндірудің алғашқы жүйелері, өрт сөндіру құралының жұмыс жасауы және бұл объектілердің басшылық құрамына өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жөнінде профилактикалық шаралар өткізіледі.
Мамандар өрт немесе түтін байқалған жағдайда дереу 112 номеріне хабарласуға кеңес береді.
Альмира Оразбай, Асхат Қаракойшиев, Бахытбек Нұртай
Тегтер #Астана #тамақтану #өрт қауіпсіздігі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz