RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында қайтарылған активтер есебінен 27 әлеуметтік нысан салынады

21.07.2026, 21:49 45

Абай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 27 әлеуметтік нысан салынады.

Солардың бірі Семей қаласында бой көтерген Оқушылар сарайы. Бұл жобаға қайтарылған активтер қаражатынан 7 млрд 600 млн теңге бөлінген. Заманауи көп функциялы қосымша білім беру орталығы бір уақытта 1500 баланы қабылдай алады.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Менің артымда тұрған Оқушылар сарайы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі. Бұрын экономикалық айналымнан тыс кеткен қаражат бүгінде балалардың игілігіне бағытталып отыр. Енді бұл орталық мыңдаған оқушыға ғылым, техника, өнер және спорт бағытындағы үйірмелерге қатысып, талантын дамытуына және бос уақытын пайдалы өткізуіне кең мүмкіндік береді.

1991 жылы пайдалануға берілген Жастар сарайынан бері өңірде мұндай ауқымды көп салалы орталық бой көтермеген. Оқушылар мұнда бассейнде жүзуді үйреніп, шығармашылық студияларда өнерлерін шыңдайды. Сондай-ақ түрлі зертханалар мен шеберханаларда жаңа дағдыларды меңгеруге жағдай жасалған.Орталықта ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған сенсорлық бөлме мен сөйлеу тілін дамыту кабинеті де қарастырылған. 

Қанат Шапатов, Оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы:

- Балалардың бос уақытын қамтиды, мектептен бос уақытын. Негізі көбісі осы жерге келіп өзінің кәсіби ориентациясын табады. Бәріміз бала болдық, 2-3 үйірмеге қатыстық, кейбіреуі ұнатып әуесқой болады. Сондықтан ішінде профориентациялық жұмыс көп жүргізіледі. 

Мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен Семейде психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған әлеуметтік орталықтың жаңа корпусы ашылды. Нысан құрылысына 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Осының арқасында жылдар бойы кезекте тұрған 150-ден астам науқас енді сапалы әлеуметтік қызметпен қамтылады. Бұдан бөлек тағы бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді.

Еркебұлан Қожанбаев, Абай облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:

- Аягөз ауданында құны 250 млн теңге болатын МРТ аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимарат салынды. Аталған аппарат облыстың бірнеше ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Қалған нысандардың құрылысы облыс прокуратурасының бақылауында.

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Абай облысында құны 52 миллиард теңге болатын 27 әлеуметтік нысанның құрылысы жүзеге асырылуда. Ауқымды жобалар аясында ауыз су жүйелері тартылып, денсаулық сақтау, білім беру салалары жаңартылып жатыр. Бұл бастама өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz